
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) соңғы сауда-саттық аптасының қорытындысы ұлттық валютаның айтарлықтай құбылмалылығын көрсетті. Kursiv Media теңгенің апта ішінде қалай құбылғанын саралап көрді.
Құбылмалы теңге
Аптаның басында, яғни 9 наурызда АҚШ долларының бағамы ең жоғарғы 494,00 теңге деңгейіне жеткенімен, кейінгі күндері трендтің өзгеруі байқалды. Сейсенбіде бағам бірден 487,75 теңгеге дейін төмендеп, апта соңына қарай 489,80 теңге маңында тұрақталды. Бұл динамика тікелей әлемдік энергия ресурстары нарығындағы жағдаймен және геосаяси факторлармен тығыз байланысты болып отыр.

Мұнай бағасы да құбылмалы
Осы аптада мұнай нарығында нағыз «бум» байқалып, Brent маркалы шикізат бағасы бір апта ішінде 17,20%-ға қымбаттап, барреліне $100,2 деңгейіне дейін көтерілді. Мұнай бағасының мұндай қарқынды өсуіне Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан туындаған жеткізу тізбегіндегі ірі үзілістер себеп болды. Халықаралық энергетика агенттігі (IEA) бұл жағдайды жаһандық мұнай нарығы тарихындағы ең ірі жеткізу тапшылығы деп бағалап, тапшылықты жою үшін рекордтық көлемде 400 млн баррель (оның ішінде АҚШ-тан 172 млн баррель) мұнайды стратегиялық резервтерден нарыққа шығару туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, Трамп әкімшілігінің ресейлік мұнайға қатысты уақытша санкциялық жеңілдіктер жасауы нарықтағы қысымды біраз бәсеңдетті.
Мұнай бағасының $100-ден асуы теңге үшін негізгі қолдаушы фактор болып табылады, алайда валюта бағамының нығаюы әзірге шектеулі сипатта қалып отыр. Бұл АҚШ-тың стратегиялық резервтерінің тарихи төмен деңгейге түсуіне байланысты болашақтағы сұранысқа қатысты күдіктермен және доллардың жаһандық деңгейдегі позициясының нығаюымен түсіндіріледі
Доллар индексі 100 пайыздық тармақтың үстінде қалыптасты
Доллар индексі (DXY) 100 пайыздық тармақтан жоғары саудаланып, бір апта ішінде 1,04%-ға нығайды. Бұл жаһандық инвесторлардың «қауіпсіз айлақ» ретінде долларға деген сұранысын арттырып, дамушы елдердің валюталарына, соның ішінде теңгеге қысым көрсетті. Осылайша, мұнайдың қымбаттауы теңгені қолдап тұрса, күшті доллар оның айтарлықтай нығаюына жол бермей отыр.
Еске сала кетейік, Ианның әскери қолбасшылығы 11 наурызда әлем мұнай бағасының барреліне 200 долларға жетуіне дайын болуы керектігін мәлімдеген болатын.