Дүкенде ішімдік ұрлаған жігіт әскери қызметкер емес, студент болып шықты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: видеодан скрин

Әлеуметтік желіде дүкеннен ішімдік ұрлаған жігіттің видеосы тарап, оны әскери форма кигендіктен көпшілік әскери қызметкер деп болжаған. Сол үшін оны қатты сынаған. Аталмыш жағдайдан кейін Қорғаныс министрлігі ұрлықшының әскери қызметкер емес екенін хабарлады.

«Бұл азаматтың Қазақстан Қарулы Күштеріне ешқандай қатысы жоқ екені анықталды. Ол жоғары оқу орындарының бірінің студенті және әскери кафедрада білім алып жүргені белгілі болды», – деп хабарлайды министрлік.

Министрлік мәліметінше, бейнежазбаны талдау барысында ер адамның үстіндегі киімі Қарулы Күштердің қолданыстағы әскери киім үлгілеріне сәйкес келмейтіні анықталған.

«Мысалы, киімінде белгіленген айырым белгілері жоқ, ал пайдаланылған далалық форма үлгісі ескірген нұсқаға жатады. Қазіргі уақытта Қарулы Күштерде мұндай форма қолданылмайды. Мәселе бойынша полиция органдары тексеру шараларын жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және тиісті процессуалдық шешім қабылдауға бағытталған жұмыстар атқарып жатыр»,  – делінген хабарламада.

Министрлік БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі пайдаланушыларын тексерілмеген ақпаратты таратудан бас тартуға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыз