
Жайық жағасында орналасқан «Атырау» шипажайы 2025 жылы бас директорына 9 млн теңге төлеген. Бұл туралы ақпарат қаржы есептілігі депозитарийінде жарияланды.
Санаторийдің бас директоры қызметін 2021 жылдан бері Венера Өтеғалиева атқарады. 2024 және 2023 жылдары төленген сыйақымен салыстырсақ, былтыр бас директордың табысы артқаны байқалады.
Бұған дейін Kursiv.Media экс-премьердің немере інісі Жайық жағасындағы шипажайдың ірі акционері атанғанын жазған.
20 ақпаннан бастап шипажайдың 10% және одан жоғары акциясына иелік ететін ірі акционерлер қатарында Марат Балғымбаев пен «ДАН-Ис-Сервис» компаниясы көрсетілген. Бұған дейін тек «ДАН-Ис-Сервис» қана ірі акционер болып келген еді.
Марат Балғымбаевтың ағасы – Нұрлан Балғымбаев (2015 жылы қайтыс болған), 1997-1999 жылдары Қазақстанның Премьер-министрі болған, сондай-ақ Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақойл» ұлттық компаниясын басқарған.