Жаңалықтар

ІІМ референдум алдында бүкіл халыққа ескерту жасады

полиция
Фото: Shutterstock

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев 15 наурызда өтетін референдум қарсаңында барша азаматтарға ведомство атынан үндеу жариялады.

Әлекешевтың айтуынша, мұндай маңызды кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпараттар мен әдейі таратылатын арандату хабарламалары жиі кездесіп жатады. Сөзінше, олардың мақсаты – қоғамды адастыру және жағдайды тұрақсыздандыру.

«Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты жалған контент жасау бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Қысқа уақытта шындыққа ұқсас, бірақ адамдарды жаңылыстыратын жалған материалдар таралуы мүмкін. Еске саламыз: көрінеу жалған ақпарат тарату – заң бұзушылық. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік те, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Азаматтарды заң талаптарын сақтауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырамыз. Күмәнді хабарламаларды көрсеңіздер – оны әрі қарай жібермеңіздер», – дейді ол.

Ресми өкілдің айтуынша, Ішкі істер министрлігі референдум кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті толық қамтамасыз етеді. Жалған ақпарат тарату және арандатушылық әрекеттер жедел анықталып, заң аясында қатаң қаралады.

«Сондықтан тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер», – дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Айта кетейік, референдум қарсаңында қоғамдық пікірге арналған әлеуметтік сауалнамалар жүргізу кезінде заң бұзған 26 дерек тіркелген.