
Наурыз мейрамы қарсаңында Digital Nauryz онлайн-платформасы іске қосылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, платформа ел бойынша өтетін мерекелік іс-шаралар туралы ақпаратты біріктіреді.
«2026 жыл елде цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Ал Digital Nauryz платформасының іске қосылуы елдегі технологиялық өзгерістер мен цифрлық трансформацияның символдарының біріне айналады», – делінген ақпаратта.
Платформа GOV.KZ мемлекеттік порталының базасында құрылды және 14-23 наурыз аралығында жұмыс істейді. Сайтты мына сілтеме арқылы көре аласыз.
Ол жерде іс-шаралар анонстары, жаңалықтар және түрлі іс-шараның тікелей трансляциясы болады.
«Сайтта Қазақстанның барлық облысы бойынша өңірлік бөлімдер ұсынылған. Соның арқасында пайдаланушылар нақты қалалар мен өңірлердегі іс-шаралар туралы біле алады, қорытынды материалдармен танысып, онлайн-трансляциялар мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға өте алады. Платформа бірнеше тілде және жасанды интеллект негізіндегі аударма функциясымен жабдықталған», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, елде «Nauryz Sale» мерекелік акциясы басталады. Бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы ынталандыруға және ел тұрғындары мен қонақтары үшін бірыңғай мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған.