Банк пен қаржы

Миллионер Марат Жұман жобасы үшін Даму банкінен ақша сұрауда

Миллионер Марат Жұман жобасы үшін Даму банкінен ақша сұрауда / Фото: kursiv.media коллажы

Forbes тізіміндегі долларлық миллионер Марат Жұманның компаниясы Қазақстанның Даму Банкіне логистикалық орталықтарды сатып алу жобасын қаржыландыруға өтінім жолдады.

«Қазақстан Республикасының аумағында төрт көліктік-логистикалық орталықты салу, кеңейту және сатып алу бойынша инвестициялық жоба», – делінген өтінімде.

Қазіргі уақытта жоба құжаттарды жинау сатысында тұр. Қарыз алушы ретінде бенефициары Марат Жұман болған Atasu Group of Companies әрекет етеді.

Әңгіме нақты қай орталықтар туралы болып жатқаны әзірге белгісіз. Алайда өткен жазда Forbes басылымы Atasu Group холдингі Астанадан 20 шақырым жердегі Бабатай станциясында, Aqmola индустриялық аймағында жаңа көліктік-логистикалық орталық салуды жоспарлап отырғанын жазған болатын.

Жобаның құны 25 млрд теңгеге бағаланды. Құрылысты 2027 жылға қарай аяқтау жоспарланған еді. Сол кезде компания инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатқан, бірақ қажет болған жағдайда жобаны өз бетінше қаржыландыруға дайын болды. Есептеулер бойынша, орталықтың өзін-өзі ақтау мерзімі 7 жылды құрады.

Болашақ терминал құрамына А класты қоймалар, контейнерлік алаң, уақытша сақтау қоймалары және астық силостары кіруі тиіс. Ол арқылы азық-түлік, техника, металл және басқа да тауарлары бар контейнерлерді, вагондар мен жүк көліктерін тасымалдау, сондай-ақ астықты экспорттау жоспарлануда.

Бұл орталық Atasu Group-тың төртінші логистикалық терминалы болмақ. Компанияның Достық станциясында (Қытаймен шекарада) ірі КЛО-сы және Алматы аумағында екі терминалы бар. Сондай-ақ, компания таяудағы үш жылда бірнеше ірі логистикалық жобаны іске асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

Марат Жұман – қазақстандық бизнесмен және Atasu Group логистикалық холдингінің негізін қалаушы. 2024 жылы ол алғаш рет Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның 75 ең бай бизнесменінің тізіміне еніп, $260 млн байлығымен 35-орынға ие болды. 2025 жылы оның дәулеті $293 млн-ға дейін өсті, бірақ рейтингте ол 37-орынға жайғасты.