100 млрд теңге қарыз: Әнипа Назарбаеваға тиесілі компания банкрот болғысы келеді

Жарияланды
Business News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Сот Әнипа Назарбаеваға тиесілі компанияны банкрот деп танудан тас тартты / Фото: ЖИ-мен жасалған, бильд-редактор: Серікжан Ковланбаев

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Group of the companies TDA» компаниясын банкрот деп танудан бас тартты.

Бұл компанияның ортақ иесі – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаева мен оның серіктесі Әли Қлышбаев.

«Курсив» басылымының қолындағы іс материалдарында 2026 жылғы 16 қаңтардағы жағдай бойынша компанияның бюджетке салық пен басқа да міндетті төлемдер бойынша жалпы сомасы 99,2 млрд теңге берешегі бар деп көрсетілген.

Назарбаевтар әулетінің ата қонысы Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында тіркелген компания түрлі тауар сатумен айналысқан.

«Өтініш беруші («Group of the companies TDA»-Курсив) өзінің дәрменсіздігі мен төлем қабілетсіздігіне байланысты салық берешегін өтеу бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ екенін алға тартып, жоғарыда аталған арызбен сотқа жүгінген. Банкроттық рәсімін қозғай отырып, банкрот деп тануды сұрады», – делінген құжаттамада.

Бұл ретте Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қарасай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі тұлғасындағы кредитор компанияның өтінішімен келісіп, борышкерді банкрот деп тануға қарсылық білдірмеген.

Сотта компанияның мүддесін оның басшысы әрі ортақ иесі Әли Қлышбаев қорғап, компания ұсынған уәждер бойынша өтінішті қанағаттандыруды сұрады.

Қажет құжатты толық ұсынбаған

Сот қолданыстағы заңнамаға сәйкес, борышкерді банкрот деп тану үшін екі негіздің – борышкердің тұрақты төлем қабілетсіздігі мен дәрменсіздігінің жиынтығы болуға тиіс екенін атап өтті.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы салық берешегін өндіріп алу шараларын қабылдағанымен, олар оң нәтиже бермеген. Бұдан бөлек, борышкер соңғы үш жылдағы бухгалтерлік құжаттарды, сондай-ақ шоттардағы ақша қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынбаған, бұл компанияның қаржылық тұрақтылық класын анықтауға мүмкіндік бермеді.

Қаржы және салық есебі, ақша қозғалысы, пайда мен залал туралы және өзге де мәліметтердің болмауы салдарынан сот борышкердің қиындық көріп отырғаны дәлелденбеген деп есептеп, борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімге келді.

«»Group of the companies TDA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің банкроттық рәсімін қозғай отырып, борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылсын», – делінген сот шешімінде.

Қытайдан контрабанда тасыған

Қытайдан контрабандалық тауар тасыды деген айып тағылған «Group of the Companies TDA» компаниясы 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекетке 92,3 млрд теңге салық қарыз.

Қаржылық мониторинг агенттігі 2025 жылдың шілдесінде Алматыда Қытайдан тауар контрабандасы және жалған шот-фактуралар жазу туралы қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шыққанын хабарлаған болатын.

Тергеу барысында «Group of the Companies TDA» компаниясының Қытайдан халық тұтынатын түрлі тауарлар тиелген 100 контейнерді заңсыз әкелгені анықталды. Өзіне бағынышты 10 кәсіпорынды пайдалана отырып, ол жалған шот-фактуралар жазып отырған.

Қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы (КТС) және кедендік алымдарды төлемеу салдарынан мемлекетке келген шығын 10 млрд теңгені құрады.

Cотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 643 млн теңге қайтарылды. Сот санкциясымен сондай-ақ 1,3 млрд теңгенің тауары мен күдіктілердің 300 млн теңгелік мүлкіне (жер учаскелері, көліктер) арест қойылды.

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты кінәлі тұлғаларды (олардың тегі көрсетілмеген) мүлкін тәркілей отырып, 1,4 жылдан 4,6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім кесті. Бір қатысушыға халықаралық іздеу жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз