Жаңалықтар

50 трлн теңгеден асты: экономикаға берілген кредит жылына 20%-ға өскен

Халықтың кредиті бизнестің алған қарызынан асып кеткен / Фото: shutterstock

Қазақстан экономикасына құйылған несие көлемі рекордтық деңгейге жетті. 2026 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша, жалпы несие портфелі 50,4 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,9%-ға көп. Яғни, бір жыл ішінде еліміздегі қарыз алу белсенділігі бестен бір есе артқан.

Халықтың қарызы бизнестің кредитінен асып түсті

Статистика көрсеткендей, несие алуда қарапайым халық бизнес өкілдерінен озып тұр. Жалпы соманың тең жартысынан астамы жеке тұлғалардың еншісінде:

  • Халыққа берілген несиелер: 26,7 трлн теңге (жалпы көлемнің 53,0%-ы).
  • Бизнеске арналған несиелер: 23,7 трлн теңге (жалпы көлемнің 47,0%-ы).

Бұл көрсеткішке заңды тұлғалар мен кәсіпкерлік мақсатта несие алған жеке кәсіпкерлердің қарызы кіреді.

Қарыз негізінен теңгемен алынады

Қазақстандықтар несиені негізінен ұлттық валютада алғанды жөн көреді. Бүгінде қарыздардың басым бөлігі, яғни 89,2%-ы (45,0 трлн теңге) теңгемен рәсімделген. Ал шетел валютасындағы несиелердің үлесі небәрі 10,8%-ды (5,4 трлн теңге) ғана құрап отыр.

Бұл үрдіс нарықтың сыртқы валюталық тәуекелдерден сақтанып, ішкі валютаға көбірек сенім арта бастағанын аңғартады.

Еліміздегі несие нарығының негізгі қозғаушы күші – екінші деңгейлі банктер. Барлық берілген қарыздың 85,4%-ы тікелей банк секторына тиесілі. Қалған бөлігі басқа да қаржы ұйымдары арқылы үлестірілген.

Дүниежүзілік банк Қазақстанға қатысты дабыл қағып, халықтың кредитке батып отырғанына назар аударған. Қазақстандықтардың қазіргі кредит алу қарқыны 2008 жылғы дағдарыс кезеңінен де асып түсті.

 Адамдар жалақысы жетпеген соң, азық-түлік пен негізгі қажеттіліктерін жабу үшін қарыз алуға көшкен. Әсіресе, бұл үрдіс табысы төмен отбасылар мен ауылдық жерлерде анық байқалады. Қазақстанда ломбардтан қарыз алатындар көбейді.