
Қазақстаннның Франция, Беларусь, Әзербайжан еліндегі дипломаттары мінген қызметтік көліктер акцион арқылы сатылып жатыр. Бірақ бұл көліктерге ешкім қызығушылық танытпаған.
Сауда-саттықты ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қазарнаулыэкспорт» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ұйымдастырды. Сатылымға шығарылған мүліктердің барлығы Астана қаласындағы 14776 әскери бөлімінің теңгерімінде тұр.
Лоттар географиясы
Аукционға Франция (Париж), Беларусь (Минск) және Әзербайжан (Баку) қалаларындағы елшіліктердің автопаркінде болған көліктер шығарылған.
Франция елшілігінде тұрған екі көлік аукцион арқылы сатылып жатыр: Mercedes Benz көлігінің бстапқы бағасы 2,4 млн теңгеден жоғары. Сонымен қатар Skoda SuperB (бастапқы бағасы 1,7 млн теңге) сату жоспарланған.

Елшіліктің көліктері дипломатиялық мәртебеге ие болғандықтан, олар кезінде ешқандай салықсыз сатып алынған.
Сондықтан оны сатып алғанда, ең алдымен, сол елдің (мысалы, Францияның) мемлекеттік қазынасына көлік құнының 20%-ы мөлшерінде салықты өз қалтаңыздан төлеу керек. Содан кейін ғана көлік дипломатиялық есептен шығарылып, сіздің атыңызға рәсімделеді.
Егер бұл көлікті Қазақстанға әкелемін десеңіз, шығын еселеп артады: алдымен оны Еуропадан елге жеткізу үшін автотасымалдауға шамамен 5-6 мың доллар төлейсіз, сосын Қазақстан шекарасында кедендік тазалаудан өткізіп, утильалымды тағы төлейсіз.
Барлық шығынды қосқанда, көліктің өз бағасынан бөлек тағы 4 миллион теңгедей ақша жұмсауыңыз мүмкін.
Ал егер көлікті сол Еуропаның ішінде қалдырып мінемін десеңіз, тек француз салығы мен техпаспорттың ақшасын (шамамен 1500–1800 доллар) төлеп, пайдалана бересіз. Қысқасы, мұндай көлікті Қазақстанға тасымалдағаннан гөрі, сол жақта мінген немесе қосалқы бөлшекке өткізген әлдеқайда тиімді.
Беларусь елінен көлікті алып келу 4 есе қымбатқа түседі
Беларусь еліндегі дипломаттар мінген Nissan X-Trail көлігінің аукционға шығарылған бастапқы бағасы – 2,3 млн теңге.

Алдымен көлік иесінің немесе сенімхат жүктеген тұлғаның қатысуымен ГАИ органдарында есептен шығару рәсімі жүргізіледі. Бұл кезеңде арнайы өтініш беріліп, көліктің VIN-коды мен құжаттары тексерілген соң, жаңа иесіне транзиттік нөмірлер мен тиісті белгісі бар техникалық төлқұжат табысталады.
Көлікті Беларусь аумағында заңдастыру үшін кедендік баж салығы, тіркеу алымдары және утилизациялық алым төленуге тиіс. Мысалы, 2013 жылғы Nissan X-Trail сияқты қозғалтқыш көлемі үлкен көліктер үшін утилизациялық алым мен кедендік төлемдердің жалпы құны 47 700 доллардан асып кетуі мүмкін.
Соңғы кезеңде жаңа мемлекеттік нөмірлер мен тіркеу куәлігін алу үшін шамамен 42,5 доллар көлемінде мемлекеттік алымдар төленеді. Барлық процедура Беларусь Республикасының заңнамасы мен ЕАЭО Кеден кодексінің талаптарына сай орындалуы шарт. Яғни 12 мың долларға бағаланған көлікті заңды жолмен елге жеткізу бағасы өзіндік құнынан бірнеше есе қымбатқа шығады.
Әзербайжан елшілігіндегі 2 қызметтік көлік сатылымда тұр. Біреуі Mitsubishi Outlander болса (бастапқы бағасы 2,1 млн теңге) екіншісі – Mitsubishi Pajero (бастапқы бағасы 1,4 млн теңге).
Барлық көлікке 2025 жылдың қараша айында кәсіби бағалау жүргізілген. Сауда-саттық бағаны көтеру әдісі бойынша өткізілуде.
Сауда-саттық өтпеді
2026 жылдың 13 наурызына жоспарланған сауда-саттық қорытындысы бойынша, Париж бен Минск қалаларына қатысты лоттар (Mercedes, Skoda, Nissan) бойынша аукциондар өтпеді деп танылды.
Бұған аукцион залында тіркелген қатысушылардың болмауы себеп болған. Ал Баку қаласында орналасқан Mitsubishi маркалы екі автокөлік бойынша сауда-саттық жалғасып жатыр.
Сатып алушыларға қандай талап қойылады
Аукцион ережесіне сәйкес, жеңімпаз атанған тұлға бірқатар міндеттемелерді орындауға тиіс. Біріншіден, сатылған бағаның 15% мөлшерінде «Қазарнаулыэкспорт» кәсіпорнына комиссиялық сыйақы төленуі қажет.
Екіншіден, сатып алынған мүлікті орналасқан елінен (Франция, Беларусь немесе Әзербайжан) Қазақстанға немесе басқа бағытқа тасымалдау шығындары толығымен сатып алушының қалтасынан шығады.
Көлікті елшілік аумағынан алып кетуге тиісті хабарламадан кейін 30 жұмыс күні беріледі.
Бұған дейін Kursiv.Media ескі Қазақстанның бай-бағландары қайтарған қымбат пәтерлер тағы да өтпей қалғанын жазған.