
«Қазпошта» қытай және еуропалық компаниялармен серіктестікті нығайтып, елге жаңа ірі сауда платформасын алып келмек. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бекежан Жәкеевтің айтуынша, жақын арада Қазақстан нарығына атақты JD.com маркетплейсі шығады.
«Қазпошта» осы платформамен жұмыс істейтін негізгі оператор болмақ. Жоба нұсқасы мен маркетингтік стратегиясы биылғы наурыз айында іске қосылмақ.
Қытаймен арадағы сауда-саттықты жеңілдету үшін логистикалық инфрақұрылым белсенді түрде дамып келеді.
Атап айтқанда, Қытайдағы үздік ондықтың қатарына кіретін халықаралық логистикалық оператор YTO компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрылды.
Қазір бұл компания Алматы облысында үлкен хабтың құрылысын бастап кетті. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында аумағы 15 000 шаршы метр болатын заманауи логистикалық орталық бой көтеріп жатыр.
«Қазпоштаның» IPO-сы 2028 жылға жоспарланған. «Самұрық-Қазына» қоры алдағы бес жылда өз портфеліндегі 15 компанияны бәсекелес ортаға шығарып, тағы төртеуін таратуға ниетті.
JD.com – Қытайдың ең ірі маркетплейстерінің бірі әрі жаһандық e-commerce ойыншысы. Ол Alibaba (Taobao, Tmall) және Pinduoduo компанияларымен бәсекелеседі. JD.com Азиядағы ең ірі қойма мен тарату орталықтарының желісіне ие.