Жаңалықтар

Польшада жоғалған қазақстандық әйелдің денесі табылды

адам денесі, мәйіті
фото: shutterstock

Польшада жоғалған Екатерина Шилованың денесі табылды. Сыртқы істер министрлігі Польша аумағында Қазақстан азаматшасы Екатерина Шилованың қаза тапқаны туралы ақпаратты растады.

«Қаза тапқан азаматшаның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшілігі марқұмның жақындарымен, сондай-ақ Польша тарапының құзыретті органдарымен байланыста. Консулдық-құқықтық мәселелер бойынша, соның ішінде мәйітті елге қайтару (репатриация) рәсімдеріне қатысты қажетті көмек көрсетілуде. Аталған мәселе Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», – деп жазылған ведомство хабарламасында.

Министрлік өкілдерінің сөзінше, қазір қылмыстық іс қозғалды, қазір тергеу жүріп жатыр. Әзірге тергеу болып жатқанда басқа мән-жайы айтылмайды.

Екатерина Шилова ақпанда Польшадан Қазақстанға ұшып шыққалы тұрған жерінен жоғалып кетті. Шетелдегі жұмысын бітіріп, 19 ақпанда отыруы керек рейске отырмаған. Туыстары содан бері байланыса алмаған. Жанында құжаттары мен 6 млн теңгедей ақшасы болған.

Екатеринаның әпкесі сол кезде Бас прокуратураға үндеу жасап, көмектесуін өтінген еді.

10 наурызда СІМ Польшаға сұрау салып, іздеу жұмысы әлі жүріп жатқанын айтқан.