
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда сыртқы көші-қонның оң сальдосы сақталып тұрғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға тұрақты тұруға 23 761 адам келген. Осы кезеңде елден кеткендер саны 7 608 адамды құраған. Нәтижесінде көші-қонның оң сальдосы 16 153 адам болды. Бұл елімізде қатарынан үшінші жыл оң көрсеткіш тіркеліп отырғанын білдіреді.
«2024 жылмен салыстырғанда елден кеткендер саны 40,2 пайызға азайды. Ал елге келгендер саны 18,9 пайыз кеміді. Негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асқан. Барлық келушілердің 81,8 пайызы Достастық елдерінен келсе, кеткендердің 71,8 пайызы да осы елдерге бағыт алған», – делінген хабарламада.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, өзге мемлекеттер ішінде Қазақстанға Қытайдан, Моңғолиядан және Германиядан көшіп келушілердің үлесі жоғары. Ал елден қоныс аударғандар арасында Германия, Польша және АҚШ бағыттары жиі таңдалған.
Келген азаматтардың басым бөлігі Алматы облысын (5 754 адам), Алматы қаласын (4 068 адам) және Маңғыстау облысын (3 562 адам) таңдаған.
Ал елден кеткендердің көбі Қарағанды облысынан – 1 451 адам, Алматы қаласынан – 757 адам және Шығыс Қазақстан облысынан – 685 адам тіркелген.
Айта кетейік, 2025 жылдың қортындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ атамекеніне оралып, қандас мәртебесін алған.