Шымкентте «Өнер қырандарының» концертіне кім тосқауыл қойып отыр

Жарияланды 13 Наурыз 2026 10:58

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
коллаж: kursiv.media

«Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының Шымкентке жоспарланған гастрольдік сапары дауға айналды. Мыңдаған көрермені бар ұжым қала әкіміне ашық үндеу жолдап, өздеріне жасалып жатқан қысым туралы мәлімдеді.

Тосқауылдың негізгі себебі – Мәдениет басқармасының басшысы

Театр ұжымының мәлімдемесіне сүйенсек, барлық кедергінің басында Шымкент қалалық мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев тұр. Үндеуде театр өкілдері мынадай нақты деректерді келтіреді:

Театр 2026 жылдың 15-17 мамыр күндеріне «QYZGALDAQ sarayi» кешенінде концерт өткізуге ресми өтініш білдірген. Алайда, билеттер толық сатылып, халық күтіп отырғанына қарамастан, басқарма тарапынан іс-шараны тоқтату туралы қауіп пен түрлі кедергілер жасалған.

Осы жағдайдан кейін, театр басшылығы Орынтаев мырзаның әрекеттерін «қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану» және «заңды кәсіпкерлікке кедергі жасау» деп сипаттады. Театрдың қала әкіміне жазған шағымы «e-otinish» жүйесі арқылы қайтадан Орынтаевтың өзіне қарауға жіберілген. Сондай-ақ заңгерлер мен театр басшылығы жағдайды түсіндіру үшін қала әкімінің қабылдауына кіре алмай отырғандарын да мәлімдеді.

Театр неге наразы

«Өнер қырандары» бұл жағдайды театрға ғана емес, жалпы өнерге жасалған қиянат деп санайды. Олардың айтуынша, Шымкент – өнер ордасы, алайда шенеуніктердің жеке шешімдері халықтың рухани сусындауына кедергі келтіріп отыр.

«Мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың әрекеттері біздің ресми өтініштеріміздің еленбеуіне және заңды жұмысымыздың тоқтап қалуына әкеп соқты», – деп жазды театрдың ресми парақшасы.

Әкімдік не дейді

Әзірге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Театр ұжымы әкімнен бұл істі жеке бақылауына алып, «шенеуніктердің өз бетімен кетуін» тоқтатуды сұрап отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Өнер қырандары» Жанар Айжанова мен Құдайберген Бекіштен кешірім сұраған еді.

Сондай-ақ оқыңыз