Тоқаев банктерге шүйлікті: QR-төлем неге кешігіп жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Qazaqstan» жобасын талқылау үшін Ақордада министрлерді жинады. Онда президент банкаралық QR-төлемдер жүйесі заң жүзінде міндеттелгеніне қарамастан, кейбір қаржы ұйымдары талапты орындауға асығар емес екенін, бюрократияның тежеп отырғанын айтты.
«Азаматтарға арналған банк қызметтеріне айрықша тоқталғым келеді. Менің тапсырмаммен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасады. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер және аударымдар, цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтері пайда болды. Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту арқылы шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң жүзінде аталған инфрақұрылымға қосылуға міндеттелді. Алайда ірі банктер бұл талапты созбалаңға салып, орындамай отыр, – деді президент.
Тоқаев отандық IT-бизнестің көкжиегін кеңейтуді стратегиялық міндеттердің бірі ретінде қарастыруға шақырды. Ол Astana Hub алаңында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалғанын, ал IT қызмет экспортының көлемі 1 млрд долларға жуықтағанын еске салды.
«Зияткерлік өнім өндіретін, оны шетелге сататын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуі қажет», – деді ол.
Президент Үкіметке өнеркәсіпке озық технологиялар енгізуді ынталандыратын нақты тетіктер әзірлеуді тапсырды.
Айта кетейік, Банкаралық QR жүйесі 2026 жылдың І тоқсанында жұмыс істей бастады. Азаматтар енді бірыңғай QR арқылы еркін төлем жасай алады. Бұл жүйеде әзірге Қазақстанның ірі алты банкі бар. Олар: Halyk, Freedom, RBK, Home Credit Bank, БЦК, Altyn bank. Жыл аяғына дейін тағы үш банк қосылады.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елдегі банктердің бәрін жалпыұлттық QR төлем жүйесіне қосу үшін күш салып жатқанын айтқан еді.
Сондай-ақ «Ұлттық төлем корпорациясы» (ҰТК) қазақстандықтар шетелде жүргенде QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігін енгізіп жатқанын хабарлады.