
Атырау облысындағы Теңіз кен орнында өрт шықты. Оқиғаны «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы растады деп жазады Reuters.
Жоба операторының мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Компания өрттің шығу себептерін анықтау үшін тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда өндірістік жағдайға қатысты толық мәлімет жарияланған жоқ.
Reuters агенттігінің жазуынша, өрт 11 наурыз күні кен орнындағы нысандардың бірінде болған. Соған қарамастан мұнай өндіру тоқтатылмаған, жұмыс қалыпты режимде жалғасқан.
Теңіз – Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Мұнда Теңіз және Королев кен орындары орналасқан. Сарапшылардың бағалауынша, өндірілетін мұнай қоры шамамен 1,4 млрд тоннаны құрайды.
Жыл басында 18 қаңтар күні «Теңізшевройл» нысанындағы газ электр станциясында трансформатор өртеніп, салдарынан «Теңіз» және «Королев» кен орындарында мұнай өндіру тоқтаған еді.
Жөндеу жұмыстары жүргізілген соң, араға бір ай салып кен орнындағы мұнай өндірісі қайта қалпына келді.