
Қазақстанның тұрғын үй нарығында белсенділік төмендеп келеді. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың ақпан айында жалпы 27 421 сатып алу-сату шарты тіркелген. Бұл қаңтар айымен салыстырғанда 1,2%-ға аз.
Өңірлердегі ахуал: қай қала көш бастап тұр
Тұрғын үй сатылымы бойынша ірі мегаполистер мен өндірістік аймақтар әдеттегідей көш бастап тұр. Ақпан айындағы негізгі үлес мына өңірлерге тиесілі:
- Алматы қаласы – 5 732 мәміле (жалпы нарықтың 20,9%-ы);
- Астана қаласы – 5 242 мәміле (19,1%-ы);
- Қарағанды облысы – 2 250 мәміле (8,2%-ы).
Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді, мұнда бір ай ішінде небәрі 255 келісімшарт жасалған.
Бір қызығы, жалпы нарық төмендегенімен, кей өңірлерде керісінше белсенділік артқан. Мәселен, қаңтар айымен салыстырғанда Абай облысында сауда 20,4%-ға, Солтүстік Қазақстанда 14,2%-ға, ал Алматы қаласында 10,4%-ға өскен.
Керісінше, Шымкент қаласында (-28,3%), Жамбыл (-15,8%) және Қызылорда (-12,9%) облыстарында үй алушылар саны күрт азайған.
Пәтер немесе жер үй: таңдау қалай өзгерді
Нарықтағы мәмілелердің басым бөлігі, яғни 77,5%-ы әлі де көпқабатты үйлердегі пәтерлерге тиесілі (21 259 мәміле). Соның ішінде халық арасында ең көп сұранысқа иесі — бір бөлмелі пәтерлер. Ақпан айында 8 306 «бір бөлмелі» пәтер иесін тапты.
Ал жер үйлерге (жеке тұрғын үйлерге) деген қызығушылық аздап болса да артқан. Ақпан айында бұл сегменттегі сауда 2,4%-ға өсіп, 6 162 мәмілеге жетті. Әсіресе Атырау, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласында жер үйлерді сатып алушылар қатары көбейген.
2026 жылдың екі айында Алматыда жаңа тұрғын үй 4% астам, ал Астанада 2% қымбаттап үлгерді. Алматының Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан пәтерлер 20%-ға қымбат.