«Желіні қолданбайды»: үйқамақтағы блогерлерге қандай шектеу қойылған

Үйқамаққа алынған ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова қазір әлеуметтік желіні қолданбайды. Бұл туралы блогерлердің адвокаты Гаухар Айтжанова айтты.
Үйқамақ кезінде ерлі-зайыпты түнгі 10-нан таңғы 7-ге дейін үйде болуға тиіс. Басқа уақытта көпшілік жерге бара алады. Сотталушыларға арнайы білезік тағылмаған.
«Телефон қолдана алады, бірақ іске қатысы бар адамдармен байланысқа түспейді. Сотқа дейінгі тергеу органы арнайы білезікпен қамтамасыз еткен жоқ. Олар әлеуметтік желіні қолданып жүрген жоқ», – дейді Гаухар Айтжанова.
Айта кетейік, Астана сотында Жанабыловтарға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Басты сот талқылауы 16 наурызда өтеді.
Істің мән-жайы
2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатып, жаңа қаулы шығарды. Істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
Қаржы мониторингі агенттігі ақпаратына сүйенсек, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты өзіне тіркелгендердің сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.