Көлікті арзанға сатпас үшін қандай қателіктерге жол бермеу керек – сарапшы кеңесі

Автокөлікті сатқан кезде оның бағасы иесі күткеннен әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Көбіне бұл көлікті пайдалану мен күтім жасауда жіберілген қарапайым қателіктердің салдарынан болады. Көптеген жүргізуші мәміле жасалмай тұрып-ақ өз көлігінің құнын төмендетіп қояды. Бұл туралы Fit Service автосервистер желісінің оқу орталығының техникалық тренері Сергей Пономарев айтып берді.
Қызмет көрсетуге үнемдеу
Ең жиі кездесетін қателік – техникалық қызмет көрсетуге үнемдеу. Жүргізушілер көбіне майды, сүзгілерді және басқа да шығын материалдарын уақытында ауыстырмайды немесе ақауы бар болса да ұзақ уақыт жүре береді. Нәтижесінде көлікті сату кезінде сатып алушы бағаны едәуір түсіруге тырысады.
«Кез келген тәжірибелі сатып алушы көліктің техникалық жағдайы нашар екенін бірден байқап, айтарлықтай жеңілдік талап етеді», – дейді Пономарев.
Әсіресе қозғалтқыш пен беріліс қорабының жағдайы ерекше назар аударады. Автоматты беріліс қорабында немесе қозғалтқышта ақау бар деген күдік болса да, көліктің бағасы айтарлықтай төмендеуі мүмкін.
Техникалық қызмет көрсетілгенін дәлелдейтін құжаттардың болмауы
Көліктің қызмет көрсету тарихының ашық болуы да маңызды. Техникалық қызмет көрсетілгенін дәлелдейтін құжаттары жоқ автокөлік сатып алушыларға сенімсіз көрінеді.
Пономарев техникалық қызмет көрсетуге қатысты түбіртектерді, тапсырыс-нарядтарды және қызмет көрсету белгілерін сақтауға кеңес береді.
Қазіргі кезде көптеген көліктің жөндеу тарихы электронды түрде сақталады, сондықтан оны әлеуетті сатып алушыға көрсету оңай. Мұндай ақпарат көлікке дұрыс күтім жасалғанын дәлелдеп, оның бағасын сақтап қалуға көмектеседі.
Шанақ пен салонның жай-күйі
Көліктің сыртқы келбеті оның техникалық жағдайынан кем әсер етпейді. Қандайда бр сызат, ұсақ жарықтар, салонның ескіруі немесе темекі иісі сатып алушыны кері айнытып тастауы мүмкін. Сондықтан көлікті сатпас бұрын химиялық тазалау жүргізу, шанақты жылтырату және ұсақ жөндеу жұмыстарын жасау көбіне өзін ақтайды әрі көлікке деген сенімді арттырады.
Көлікті шамадан тыс өзгерту және құжат мәселесі
Көлікке орнатылған қосымша сыртқы бөлшектер, дыбыс колонкаларын шамадан тыс орнату немесе көлік биіктігін төмендетіп тастау сияқты өзгерістер тек белгілі бір әуесқойларға ғана қызық болуы мүмкін. Ал көпшілік сатып алушылар зауыттағы түпнұсқаға барынша жақын көлікті таңдағанды жөн көреді.
Сондай-ақ көліктің заңдық тұрғыдан таза болуы да маңызды. Төленбеген айыппұлдар, кепілге қойылуы, техникалық паспорттың көшірмесі немесе иелерінің тым көп болуы сатып алушыны күмән туғызады. Мұндай жағдайда да сатып алушы бағаны төмендетуді сұрауы мүмкін.
Сергей Пономарев көлікке актив ретінде қарауға кеңес береді. Оның айтуынша, тұрақты техникалық қызмет көрсету, ұқыпты пайдалану және ашық сервис тарихы жүрілген автокөлікті жылдамырақ әрі қымбатырақ сатуға көмектеседі.
Еске салайық, осыған дейін жүрілген қытай көлігін қалай дұрыс таңдау керектігі жайлы жазған едік.