Жаңалықтар

Наурызнама 2026: Астанада Көрісу күні қалай атап өтіледі

Фото: gov.kz

Көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында Астанада 200-ден астам түрлі іс-шара мен акция өтеді. «Наурызнама» онкүндігі 14 наурыз «Көрісу-Амал мерекесінен» басталады. Бұл күні елорда тұрғындары «Tartys Fest» ұлттық спорт фестивалі мен басқа да мәдени шараларды тамашалай алады. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.

«Tartys Fest» фестивалі

Ұлттық ойындар мен бұқаралық спортты дәріптеуге арналған «Tartys Fest» фестивалі «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы аумағында өтеді. Фестивальдің басты бағдарламасы – арқан тарту сайысы. Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар қала тұрғындарынан құралған командалар қатысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендер үшін де арнайы ойындар мен жарыстар қарастырылған. Арқан тартыстан бөлек, фестиваль қонақтары турникке тартылу, қой көтеру және тоғызқұмалақ бойынша сайыстарға қатыса алады.

«Биылғы фестивальдің ерекшелігі – іс-шара Жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып отыр.Осыған байланысты Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізуді көздеп отырмыз. Фестиваль барысында қала тұрғындары жасанды интеллект элементтері қолданылған турникке тартылу, қой көтеру және тоғызқұмалақ сайыстарына қатыса алады. Барлық бағыт бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталады», – деді қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Фестиваль 14 наурыз күні сағат 15:00-де басталады, қатысу тегін. Қатысушыларды тіркеу шара басталар алдында, тікелей іс-шара өтетін орында жүргізіледі.

«Көрісу» рәсімі

Осы күні Достық үйінде «Ұлы Еліміздің Көрісу күні – Амал мерекесі» атты іс-шара өтеді. Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің өкілдері «Көрісу» рәсімін өткізіп, амандасу мен татуласуға байланысты ұлттық дәстүрлерді көрсетеді. Сондай-ақ ғылыми-этнографиялық конференция мен «Наурыз жылнамасы» көрмесі ұйымдастырылады.

Сағат 12:00-де «Ататүрік» саябағында елорданың мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдарының, білім беру ұйымдарының балалар ұжымдарының және Қазақстан халқы ассамблеясының ұлттық мәдени орталықтары ұжымдарының қатысуымен «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты ауқымды іс-шара өтеді.

Жеке аймақ ретінде заманауи AI алаңы ұйымдастырылады. Мұнда келушілер жасанды интеллект көмегімен қазақтың ұлттық киіміндегі бейнеде жеке фотосурет жасап, дайын суретті QR-код арқылы жүктей алады.

Ал елорда мектептерінде «Көрісу – дәстүрі» атты амандасу фестивалі өтеді.

Сондай-ақ 14 және 15 наурыз күндері «Nauryz Sale» ауқымды азық-түлік жәрмеңкелері өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, шұжық өнімдері, ұн, нан-тоқаш өнімдері, табиғи шырындар, тосап, бал және басқа да азық-түлік тауарларын тиімді бағада сатып ала алады.