Курьер сәлемдемесін алмадыңыз: Бас прокуратура жаңа алаяқтық схема туралы ескертті

Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті елде тағы бір жаңа алаяқтық схема пайда болғанын ескертті.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар мессенджерлер мен SMS арқылы «жіберіп алған жеткізілім» туралы хабарламалар таратуда. Мәтінде курьердің сәлемдемені тапсыра алмағаны және жеткізілімді қайта ресімдеу үшін арнайысілтемеге өту ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, мұндай хабарламалар курьерлік қызметтердің ресми хабарламаларына ұқсайды, алайда берілген сілтемелер фейк сайттарға апарады. Олар ресми логистикалық компаниялардың ресми ресурстарына ұқсайды.
Осындай ресурстарға өткеннен кейін қолданушыдан жеке деректер, яғни, аты-жөні, ТЖН, мекенжай, сондай-ақ қайта жеткізу үшін шағын төлем енгізу сұралады.
«Қажетті деректерді енгізіп, төлем жасаған соң, алаяқтар құпия ақпарат пен банк деректеріне қол жеткізіп, тек қаржылық шығынға ғана емес, сонымен қатар жеке мәліметтерді қылмыстық схемаларда пайдалануға да мүмкіндік алады», – деді Бас прокуратура баспасөз қызметі.
Ведомство сақтық шараларын сақтауға шақырды. Қазақстан тұрғындарына ұсынылады:
- күтілмеген жеткізу хабарламаларындағы сілтемелерге өтпеу;
- сайт мекенжайын мұқият тексеру;
- күмәнді ресурстарға жеке немесе банк деректерін енгізбеу;
- жеткізу статусын тек ресми сайттар мен курьерлік қосымшалар арқылы тексеру;
- күмәнді хабарламаларды елемеу және жіберушіні блоктау.
Бас прокуратура интернетте алаяқтардың белсенділігі күрт артқанын мәлімдеп отыр. Әсіресе жалған инвестициялық платформаларда, deepfake технологияларын, сондай-ақ бұрын жоғалған инвестицияларды қайтару бойынша жалған қызметтерді пайдалана отырып алаяқтыққа тарту жайттары артқан.