
14 наурызда Қазақстанның сегіз қаласында уаның ластану деңгейі күшейеді. «Қазгидромет» мәліметінше, 14 наурызда Астана, Алматы, Атырау, Орал, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Теміртау қалаларында ауа сапасы төмендеуі мүмкін.
Синоптиктердің хабарлауынша, қолайсыз метеожағдайлар жел екіпіні бәсеңдеп, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың бірігуінен туындайды. Олар атмосферадағы зиянды қоспалардың жерге жақын қабатта шоғырланып, таралмай қалуына әсер етеді.
Ауа сапасы көбіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және температура сияқты синоптикалық жағдайларға байланысты болады.
Қолайсыз метеожағдай кезінде тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуға, әсіресе автокөлік жолдары мен ластанған аймақтарға жақын болмауға кеңес беріледі. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт серуендеуден бас тарту ұсынылады.
Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары немесе аллергиясы бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру кеңес етіледі.
Сондай-ақ мамандар ашық ауада қатты физикалық күш түспеуге, мүмкіндігінше спорттық жаттығуларды жабық алаңдарда өткізуді ұсынады.
Айта кетейік, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде төмен температура сақталып, екпінді жел жалғасады.