Астанада жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Shuttertsock

Елордада жедел жәрдем бригадасының фельдшеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды. Бұл туралы kursiv.media Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі уақытта медициналық қызметкерге қатысты күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Анықталғандай, жедел жәрдем бригадасы сауда орталығына шақырту бойынша барған. Онда мас күйде болған екі ер адам болған. Олардың бірі өзін нашар сезінетінін айтып шағымданған.

Медициналық қызметкерлер қажетті медициналық көмекті көрсетіп, оқиға орнынан кетпек болған кезде ер адамдардың бірі агрессивті мінез танытып, фельдшерге соққы жасаған.

Оқиға куәгерлері полиция қызметкерлерін шақырған. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Маңызды әлеуметтік міндет атқарып жүрген жедел қызмет өкілдеріне қатысты кез келген агрессия, күш қолдану немесе қорқыту әрекеттері қатаң түрде тоқтатылады»,–  деп ескертті полиция.

Еске салайық, Қазақстанда медициналық қызметкерлерге, сондай-ақ қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты қорқыту немесе күш қолдану үшін жаза қатаңдатылған.

2024 жылғы 7 наурыздан бастап ҚР Қылмыстық кодексінің 380-3-бабы күшіне енді. Бұл бап бойынша айыппұл салудан бастап 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Осыған дейін Астанадағы тұрғын үй қасбеті құлап, сол кезде көмекке келген фельдшердің басына кондиционер құлап, ауруханада қайтыс болған еді.

Сондай-ақ оқыңыз