
Алматыда 15 наурыз бен 30 сәуір аралығында көктемгі жаппай дератизация жүргізіледі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жұқпалы аурулардың таралуын алдын алу және қала аумағындағы санитариялық қауіп-қатерлерді азайту. Бұл жұмысты Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мердігер ұйым «Эко Сервис Алматы» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырады.
Жалпы ауданы 47 гектардан асатын ортақ пайдаланылатын аумақтар дәріленеді. Әсіресе кеміргіштердің мекендейтін негізгі орындарына, яғни, ашық биотоптар, жасыл аймақтар, арық желілері, өзен және су айдындарының жағалаулары, сондай-ақ қоғамдық көлік аялдамаларына жүргізіледі.
«Сонымен қатар жеке сектор тұрғындарына қолдану жөніндегі толық нұсқаулығымен бірге кеміргіштерге арналған улы жем тегін таратылады», – делінген хабарламада.
Қалалық қызметтер ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексінің 107-бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалар өз аумақтарында дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын өз бетінше жүргізуге міндетті екенін еске салады.
- Жеке тұрғын үйлердің дератизациясы – үйлердің иелері жүзеге асырады.
- Кондоминиум нысандарының ортақ аумақтары – жертөлелер, шатырлар, баспалдақ алаңдары мен үй маңындағы аумақтар – МИБ/ПИК және меншік иелері қаражаты есебінен жүзеге асырылады.