
Канада, Германия және Норвегия басшылары АҚШ президенті Дональд Трампты Ресей мұнайына қатысты санкцияларды уақытша жеңілдету туралы шешімді қайта қарауға шақырды. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Германия канцлері Фридрих Мерцтің айтуынша, Үлкен жетілік құрамындағы жеті елдің алтауы Вашингтонның Ресей мұнай экспортына қойылған шектеулерді уақытша жеңілдету туралы шешіміне қарсы шыққан.
Мерцтің түсіндіруінше, АҚШ бұл қадамға әлемдік мұнай нарығындағы ұсынысты арттыру үшін барған. Мұнай бағасының күрт өсуі Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты болған. Бұл шиеленіс 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің әскери операциясынан кейін күшейген.
Канцлердің айтуынша, Канада, Германия және Норвегия басшылары Ақ үймен тікелей байланыс арналары арқылы Трампты өз шешімін қайта қарауға көндіруге тырысады.
«Жетінің алтауы Ресейге қарсы санкцияларды алып тастауға болмайтынын ашық айтты», – деді Мерц.
Ол сондай-ақ Еуропа елдерінің астаналарында Вашингтонның бұл шешімі күтпеген жағдай болғанын атап өтті.
«Бүгін таңертең АҚШ үкіметінің басқа шешім қабылдағанын естігенде біз аздап таңғалдық», – деді канцлер Норвегиядағы баспасөз мәслихатында.
Үш елдің басшылары Ресейге Украинадағы соғыс және жаһандық қауіпсіздікке төнген қауіпке байланысты барынша қысым көрсетуді жалғастыру қажет екенін айтты.
Канада премьер-министрі Марк Карни G7 немесе НАТО тарапынан қандай қадамдар болуы мүмкін деген сұраққа жауап бере отырып, ел басшылары бұл мәселені АҚШ президентімен тікелей талқылайтынын жеткізді.
«Бәріміздің АҚШ президентімен тікелей байланысымыз бар және біз оны пайдаланамыз», – деді ол.
Сондай-ақ Фридрих Мерц бұл жағдайды Франция президентімен талқылауды жоспарлап отырғанын айтып, қандай дипломатиялық қадамдар жасауға болатынын бірге қарастыратынын мәлімдеді.
Еске салайық, осыған дейін Венгрия ЕуроОдақтың Ресейге қарсы санкция жариялау туралы шешіміне вето қойған болатын. Сондай-ақ ЕО-ның Украинаға 90 млрд еуро кредит беру туралы шешіміне де тоқтау болды.