Жаңалықтар

Маңғыстауда қызды некеге мәжбүрлемек болған екі адам 3 жылға сотталды

Фото: shutterstock

Маңғыстау облысында некеге мәжбүрлеу мақсатында қызды ұрлаған екі ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, іс бойынша үкімді Мұнайлы аудандық соты 2 ақпанда шығарған. Сотталушылар ҚР Қылмыстық кодексі 125-1-бабының 2-бөлігінің 1 және 4-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

«Мұнайлы аудандық сотының 2026 жылғы 2 ақпандағы үкімімен А. және О. есімді азаматтар Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы 2-бөлігінің 1 және 4-тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Қазақстандық қоғамдық даму институтының Ұлттық баяндамасының дерегі бойынша, қазақстандықтардың 67,6%-ы «қыз алып қашуды» жөн көрмейді. Алайда сауалнамаға қатысқандардың 20,5%-ы бейтарап, яғни дәстүрді айып деп санамайды. Яғни, әрбір бесінші қазақстандық қыз алып қашуды өзекті мәселе деп санамайды.

Осы жылдың басынан бастап сталкинг фактілері бойынша 79 қылмыстық іс және некеге тұруға мәжбүрлеу фактілері бойынша 31 қылмыстық іс тіркелген.