
«Ақжайық» басылымы тергеу барысымен таныс дереккөзіне сүйеніп, қылмысқа барған жасөспірім бұл іске жоспарлы түрде баруы мүмкін деп жазады.
Аталмыш оқиға 13 наурыз күні Қонаев атындағы Binom мектебінде болған. Тоғызыншы сынып оқушысы сегізінші сыныптағы қызды пышақпен жаралаған. Салдарынан оқушы қыз ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалаған.
Басылым мәліметінше, күдікті жасөспірімнен жазбалары бар жеке күнделік табылған. Онда мектептегі зорлық-зомбылық пен түрлі елдердегі шабуыл тақырыбында жазбалар болған.
Жасөспірімнің заттарын тексеру барысында тергеушілер оның мектеп сөмкесінен бірнеше пышақ пен балта тапқан. Тергеу оның тек бір ғана оқушыға емес, басқа адамдарға да шабуыл жасауды жоспарлаған болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Дереккөздің мәліметінше, күдікті қызды кездейсоқ күлгені үшін өлтіргісі келген. Зардап шеккен оқушының арқасында сегіз жарақат тіркелген. Сондай-ақ жасөспірімнің жазбалары, хат алмасуы және араласатын ортасы тексеріліп жатыр.
Бұған дейін де жасөспірім құқық қорғау органдарының назарында болыпты. Ол кезде тексеру оның өзіне де, отбасы мүшелеріне де қатысты жүргізілген. Алайда іс кейін жабылған.
Шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды, тергеу әрекеттері оның заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп жатыр.