
Ел бойынша Конституцияны өзгертуге қатысты референдумда дауыс беру учаскелері ашылды.
Жалпы республикада 10 402 референдум учаскесі жұмыс істейді.
Оның ішінде:
9 779 учаске – азаматтардың тіркелген жері бойынша;
634 учаске – уақытша болатын орындарда;
71 учаске – Қазақстанның 54 елдегі шетелдік мекемелері жанында орналасқан.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, әскери бөлімдерде, медициналық мекемелерде, перзентханаларда және басқа да нысандарда 622 арнайы учаске 06:00-де ашылады.
Референдумда 12 461 796 азамат дауыс беруге құқылы.
Қандай сұрақ қойылады?
Референдумда қазақстандықтарға «Жобасы БАҚ-та 2026 жылдың 12 ақпанында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылады.
Азаматтар екі жауаптың бірін таңдауға тиіс:
«Иә, қолдаймын»
«Жоқ, қолдамаймын».

Өз учаскеңізді қалай табуға болады?
Референдумда қай жерде дауыс беретініңізді бірнеше тәсіл арқылы білуге болады:
Әкімдіктердің сайтында әдетте арнайы бөлім болады, сол жерден өз сайлау учаскеңізді тексере аласыз. Ол үшін ЖСН немесе тұрғылықты мекенжайды енгізу қажет.
Сондай-ақ eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы да тексеруге болады. Онда сіздің сайлаушылар тізіміне енгізілген-енгізілмегеніңізді және қай учаскеге тіркелгеніңізді білуге мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, жақын орналасқан сайлау учаскесіне хабарласып немесе барып, қызметкерлерден өз деректеріңізді тексертіп, қай жерде дауыс бере алатыныңызды біле аласыз.
Бюллетень фотосын Instagram-да жариялауға бола ма
Елде дауыс беру жасырын өтеді, сондықтан ешкім сіздің қалай дауыс бергеніңізді көрмеуі керек.
Кабинада бюллетеньді толтырғаннан кейін оны бүктеп, жәшікке салу керек. Толтырған бюллетеньді басқа адамдарға көрсетуге болмайды. Сондай-ақ оны әлеуметтік желілерде жариялауға да тыйым салынады.
Себебі дауыс беру күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынған. Егер адам өзінің таңдауын көрсетсе, бұл үгіт-насихат ретінде бағалануы мүмкін. Мұндай әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл әрекет үшін 130 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Шешім қандай жағдайда қабылданды деп саналады?
Референдумға қатысуға құқылы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан жағдайда референдум өткізілді деп саналады.
Егер дауыс беру нәтижесінде референдумға шығарылған мәселе бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісіне дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі.
Нәтижесі қашан белгілі болады
Дауысты санау сағат 20:00-де, яғни сайлау учаскелері жабылғаннан кейін бірден басталады. Референдумның қорытындысын Орталық референдум комиссиясы арнайы отырыста шығарады. Одан кейін нәтижелер хаттама түрінде рәсімделіп, бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жарияланады.
Заң бойынша дауыс беру өткен күннен кейін 7 күннен кешіктірілмей, яғни 2026 жылдың 21 наурызына дейін жариялануға тиіс.