
Референдумнан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікірін білдірді.
«Қазақстан халықаралық қақтығыстарды әрдайым дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды. Сіз бұл ұстанымды жақында Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдемелеріңіз арқылы растадыңыз. Сондай-ақ Шығанақтағы бірқатар мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, оларға қолдау білдірдіңіз. Бірақ Иран Президентімен сөйлеспедіңіз. Бұл Қазақстанның бейтарап ұстанымынан айнып, араб елдерін қолдайтынын білдіре ме?» – деп сұрақ қойған журналистердің бірі .
Бұл сұраққа жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемге бейбіт ел ретінде белгілі екенін, кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынын атап өткен. Ал Таяу Шығыста орын алған жағдайдың түрлі себебі барына үңілген.
«Жақында Шығанақтағы араб елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлестім, тілектес екенімді жеткіздім. Ал Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Ол – зайырлы көзқарастағы адам, өзі кардиохирург. Мен оның Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым. Тіпті, ол Иранның атынан кешірім сұрады. Алайда кейін оның мәлімдемесі жоққа шығарылды. Иран араб елдеріне шабуыл жасауды әлі тоқтатқан жоқ. Бұдан Иран Президентінің билікке толық ие емес екені көрінеді. Ол – анық», – деді президент.
Тоқаев десе де ешкімді айыптамайтынын, жай ғана факті ретінде айтып отырғанын атап өтті.
«Бұл Иран билігінің ерекшелігіне байланысты деп ойлаймын. Бір жағынан діни билік үстемдік етеді. Президент те бар, бірақ ол – формальды мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз», – дейді ол.
Kursiv Media референдумнан мәтіндік трансляция жүргізіп отыр, саяси науқан қалай өтіп жатқанын мына жерден көре аласыздар.