Жаңалықтар

Тоқаев жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға екі жыл бұрын келген

Фото: Ақорда

Ақорда Мемлекет басшысының журналистерге берген жауабын жариялады.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны дайындауға және талқылауға неге аз ғана уақыт жұмсалды деген сұраққа жауап берген. Сөзінше, Конституция жобасын дайындау жұмыстары біраз уақыт бұрын басталған.

«Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім», – дейді Тоқаев.

Президент жаңа Ата заң елдің дамуына серпін беретінін атап өтті.

Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету керек. Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – осы», – деді ол.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №51 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады. Kursiv Media референдумнан мәтіндік трансляция жүргізіп отыр, саяси науқан қалай өтіп жатқанын мына жерден көре аласыздар.