Жаңалықтар

Референдумда елден бұрын ең бірінші болып Головкин дауыс берді

Фото: ҚР СІМ

Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, «World Boxing» ұйымының президенті Геннадий Головкин дауысты Бангкок қаласында берген.

Бұл жөнінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ақпарат таратты. Бангкокта сайлау учаскесі Қазақстандағы уақыттан қарағанда ертерек ашылған.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, «World Boxing» ұйымының президенті Геннадий Головкин Бангкок қаласында өтіп жатқан World Boxing Futures Cup 2026 халықаралық турниріне қатысу аясында Қазақстанның Таиландтағы Елшілігі жанындағы #453 референдум учаскесіне келіп, жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдумда дауыс берді»,  – деп хабарлайды ҚР СІМ.

Геннадий Головкин азаматтардың ел үшін маңызды шешімдерді қабылдауға қатысуының маңыздылығын атап өтіп, республикалық референдумның мемлекеттің одан әрі дамуы мен нығаюындағы рөліне назар аударған.

Бүгін, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне арналған республикалық референдум басталды. Елдің барлық өңірінде, сондай-ақ шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінде дауыс беру учаскелері ашылды. Қазақстандықтар конституциялық реформаны қолдай ма, әлде қолдамай ма деген сұраққа жауап береді.