
Референдум учаскесіне келген Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистердің сөз бостандығына қатысты сұрағына жауап берді.
«Жаңа жобада сөз бостандығына кепілдік берілетіні айтылған. Бірақ сонымен бірге кейбір жағдайда шектелетін жағдайлар да келтірілген. Мұны Конституцияға қосудың қандай қажеті болды? Онсыз да өзге де нормативтік актілермен реттелмей ме?» – деп сұралды.
Аида Балаева бұл мәселеге тек журналистер қызметі тұрғысынан қарауға болмайтынын айтты. Сөзінше, Қазақстанда ашық қоғам қалыптасқан және цензураға жол берілмейді.
«Егер 1995 жылы қабылданған қазіргі Конституцияны қарасақ, ол кезде елде шамамен жүзге жуық бұқаралық ақпарат құралы болған. Оның ішінде 50-ден астам газет-журнал мен бірнеше электронды БАҚ қана бар еді. Қазір ақпарат кеңістігі түбегейлі өзгерді. Әлеуметтік желілер, жаңа коммуникация құралдары пайда болды. Сондықтан олардың ықпалын да ескеру қажет», – деді министр.
Балаеваның айтуынша, сөз бостандығы басқа адамның ар-намысына тиюге, жеке өміріне қол сұғуға немесе ұлт пен этносты кемсітуге себеп болмауы керек.
«Ең бастысы, сөз бостандығымен қоса жауапкершілік деген ұғымды бірге пайдалануымыз керек. Сондықтан бұл жерде ешқандай шектеу болмайды. Қазақстанда әр адам өз пікірін, ұсыныстарын ашық айтып жүр. Соның арқасында елімізде ашық қоғам қалыптасып, бүгін халықтың Конституциясын қабылдаймыз», – деді ол.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан бойынша жаңа Ата заң жобасына дауыс беруге арналған референдум басталды. Ел бойынша 10 388 учаске ашылды. Kursiv Media референдум барысынан мәтіндік тікелей трансляция жүргізіп отырады.