Жаңалықтар

Жалпыхалықтық референдум: мәтіндік трансляция

референдум
фото: Алматы қаласы әкімдігі

Бүгін Қазақстан бойынша жаңа Ата заң жобасына дауыс беруге арналған референдум басталды. Ел бойынша 10 388 учаске ашылды. Kursiv Media референдум барысынан мәтіндік тікелей трансляция жүргізіп отырады.

Дауыс беру учаскелері сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін ашық болады. Дауыс беретін учаскеңізді қалай табуды мына жерден біле аласыз.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен, әлемнің 62 еліндегі елшіліктер мен бас консулдықтарда дауыс беру пункттерін ұйымдастырылды.

10:58. Сөз бостандығы жауапкершілікпен қатар жүруі керек – Балаева

Референдум учаскесіне келген Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистердің сөз бостандығына қатысты сұрағына жауап берді.

Аида Балаева мәселеге тек журналистер қызметі тұрғысынан қарауға болмайтынын айтты. Сөзінше, Қазақстанда ашық қоғам қалыптасқан және цензураға жол берілмейді.

«Егер 1995 жылы қабылданған қазіргі Конституцияны қарасақ, ол кезде елде шамамен жүзге жуық бұқаралық ақпарат құралы болған. Оның ішінде 50-ден астам газет-журнал мен бірнеше электронды БАҚ қана бар еді. Қазір ақпарат кеңістігі түбегейлі өзгерді. Әлеуметтік желілер, жаңа коммуникация құралдары пайда болды. Сондықтан олардың ықпалын да ескеру қажет», – деді министр.

Балаеваның айтуынша, сөз бостандығы басқа адамның ар-намысына тиюге, жеке өміріне қол сұғуға немесе ұлт пен этносты кемсітуге себеп болмауы керек.

10:26. Дархан Сатыбалды дауыс берді

референдум, Дархан Сатыбалды, Алматы
фото: Kursiv Media, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды референдумда дауыс берді. Ол таңдауын Назарбаев интеллектуалды мектебінда орналасқан учаскеде жасады

ОСК мәліметінше, қазіргі уақытта Қарағанды облысы (26,64%), Қызылорда облысы (24,02%) дауыс беру бойынша көш бастап тұр. Түркістан, Жетісу облыстары және Шымкент қаласы да алда келеді (21%-дан).

Астана қаласында дауыс беру көрсеткіші – 20,68%. Ал Алматыда – 9,54%.

09:52. Шетелдегі учаскелер

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, референдум учаскелері әлемнің 30-дан астам елінде ашылған.

«Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейін Қытай, Сингапур, Моңғолия, Малайзия, Таиланд, Вьетнам мен Индонезияда учаскелер ашылды. Дауыс беру процесі Ресей, Үндістан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстанда да белсенді жүріп жатыр»,  – делінген хабарламада.

Сондай-ақ жақын уақытта Еуропа елдеріндегі референдум учаскелері де өз жұмысын бастайды.

08:50. Халатпен келген тұрғын

фото әлеуметтік желіден скрин

Астанадағы учаскелердің біріне тұрғын ерекше киім үлгісінде келді. Елордалық бойжеткен дауыс беру учаскесіне жаңа ғана жуынып шыққандай басына аппақ сүлгі орап, үстінде ақ халат киген. Тіпті жанында робот иті де бар.

08:30. Ерте дауыс берген министрлер

Өз учаскелерінде цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таңдауын жасады

Таңертең ерте дауыс бергендер қатарында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та бар. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов та референдумға қатысты. Ол өз учаскесіне әскери формасымен келіп, дауыс берді.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да алғашқылардың қатарында болып дауыс берді.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Әл‑Фараби атындағы Оқушылар сарайы ғимаратында орналасқан №51 сайлау учаскесінде дауыс берді.

08:06. Қарин, Бектенов, Қошанов өз таңдауын жасады

Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин референдумда дауыс беріп, бүгін маңызды күн екенін, себебі жарты жылдық дискуссияға нүкте қойып, нәтижесі бүгін шығатынын мәлім етті.

Премьер-министр Олжас Бектенов елордадағы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінде орналасқан №130 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Таңертеңнен дауыс бергендердің ішінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та бар. Ол журналистердің сұрақтарына қысқаша жауап беріп, өз таңдауын жасағанын айтты.

Астанадағы референдум учаскелеріне кабмин мүшелері мен депутаттар да келіп дауыс беріп жатыр.

07:36. GGG

Референдумда елден бұрын ең бірінші болып Головкин дауыс берді.

Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, «World Boxing» ұйымының президенті Геннадий Головкин дауысты Бангкок қаласында берген.

Ал ел бойынша референдумға алғаш болып келгендерге сыйлық берілді.

Астана әкімдігінің мәліметінше, таңғы жетіде бірінші болып келген азаматқа ыдыс-аяқ жиынтығын сыйлаған. 

Ал Алматыда алғаш келген тұрғындарға дауыс зорайтқыштар берілген.