Жаңа Конституция жобасы: Қазақстанда референдум басталды

Бүгін, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне арналған республикалық референдум басталды. Елдің барлық өңірінде, сондай-ақ шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінде дауыс беру учаскелері ашылды. Қазақстандықтар конституциялық реформаны қолдай ма, әлде қолдамай ма деген сұраққа жауап береді.
Дауыс беру уақыты
Негізгі дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Осыдан кейін комиссиялар бюллетеньдерді санауға кіріседі.
Ал әскери бөлімдерде орналасқан 92 учаскеде дауыс беру бір сағат ерте – 06:00-де басталды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әлемнің 62 еліндегі елшіліктер мен бас консулдықтарда дауыс беру пункттерін ұйымдастырды. Олардың тізімін арнайы ресурстардан көруге болады. Шетелдегі алғашқы дауыс беру учаскесі Токио қаласында ашылды.
Өз учаскеңізді қалай табуға болады?
Дауыс беретін учаскенің мекенжайын жергілікті әкімдіктердің сайттарынан немесе Egov.kz порталындағы цифрлық сервис арқылы тексеруге болады. Елдегі дауыс беру учаскелері бойынша ақпаратты осы жерден біле аласыз.

Қандай сұрақ қойылады?
Референдумда қазақстандықтарға «Жобасы БАҚ-та 2026 жылдың 12 ақпанында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылады.
Азаматтар екі жауаптың бірін таңдауға тиіс:
«Иә, қолдаймын»
«Жоқ, қолдамаймын».

Бюллетень фотосын Instagram-да жариялауға бола ма
Елде дауыс беру жасырын өтеді, сондықтан ешкім сіздің қалай дауыс бергеніңізді көрмеуі керек.
Кабинада бюллетеньді толтырғаннан кейін оны бүктеп, жәшікке салу керек. Толтырған бюллетеньді басқа адамдарға көрсетуге болмайды. Сондай-ақ оны әлеуметтік желілерде жариялауға да тыйым салынады.
Себебі дауыс беру күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынған. Егер адам өзінің таңдауын көрсетсе, бұл үгіт-насихат ретінде бағалануы мүмкін. Мұндай әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл әрекет үшін 130 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Нәтижесі қашан белгілі болады
Дауысты санау сағат 20:00-де, яғни сайлау учаскелері жабылғаннан кейін бірден басталады. Референдумның қорытындысын Орталық референдум комиссиясы арнайы отырыста шығарады. Одан кейін нәтижелер хаттама түрінде рәсімделіп, бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жарияланады.
Заң бойынша дауыс беру өткен күннен кейін 7 күннен кешіктірілмей, яғни 2026 жылдың 21 наурызына дейін жариялануға тиіс.