
Синоптиктер Қазақстандағы сәуір айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды. «Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша, аймақтардың басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан шамамен 1°C-қа жоғары болады.
Нормаға жақын температура Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Абай облысының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда күтіледі.
«Сәуір айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында болады деп болжануда. Нормадан көп жауын-шашын – Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында, Ақтөбе облысының батыс бөлігінде, Түркістан, Жамбыл облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында күтіледі», — делінген хабарламада.
Синоптиктердің болжамы бойынша, айлық орташа температура келесідей болады:
- Елдің солтүстігінде: +5…+10°C;
- Батысы мен оңтүстігінде: +11…+16°C;
- Қазақстанның қиыр шығысында: 0…+4°C.