Жаңалықтар

Әлем лидерлері Тоқаевты референдумның өткізілуімен құттықтады

Әлем лидерлері Тоқаевты референдумның өткізілуімен құттықтады / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдумның өткізілуіне байланысты мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттарын алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстандағы конституциялық өзгерістер екі ел арасындағы одақтастық қатынастар мен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. «Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы мемлекеттік институттарды нығайтуға және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған Сіздің бағытыңыздың кең қолдауға ие екенін толық растады», — делінген жеделхатта.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар Жаңа Қазақстанның тұрақты дамуына және елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға септігін тигізетінін қадап айтты. Оның айтуынша, азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысуы мен оның нәтижелері жүргізіліп жатқан реформалардың кең қолдау тауып отырғанының дәлелі.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров та Мемлекет басшысын референдумның сәтті өтуімен құттықтап, екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі дамитынына сенім білдірді. «Бұл тарихи оқиға Сіздің еліңіздің бұдан былайғы тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды қадам болатынына кәміл сенемін», — деді ол.

Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы болып, елдің дамуына жол ашатынын мәлімдеді.

Өз құттықтауын Беларусь Президенті Александр Лукашенко да жолдады. Ол жеделхатында жаңа Конституцияда бекітілген принциптерді іске асыру Қазақстанның одан әрі өркендеуі үшін сенімді негіз болатынын атап өтті.

Сербия Президенті Александр Вучич реформалар мен қабылданған шешімдер ел дамуының өршіл мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететінін жеткізді.

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян жалпыхалықтық дауыс берудің нәтижелері Қазақстан азаматтарының тәуелсіздік, егемендік және заманауи қоғам құру мәселелеріне деген жауапты көзқарасын көрсеткенін атап өтті.

Сонымен қатар, құттықтау жеделхаттарын ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Таалатбек Масадыков, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Асад Маджид Хан, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевжәне басқалар жолдады.

Ақорда құттықтау хаттарының әлі де келіп түсіп жатқанын хабарлады.