Алматыда 2 млн теңгеге үй аласыз: ипотека брокерлерінің уәдесі рас па

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: Shutterstock

«2 млн теңгең болса, баспаналы боласыз», «2 млн теңгемен Алматыдан үй алуға болады». Инстаграмда ипотека-брокерлерінің осындай жарнамалары сіздің де алдыңыздан шыққан болар. Kursiv.Media осының анық-қанығын анықтап көрді.

Ипотека брокерлері айтқан 2 млн теңге – тек жарна ғана. Яғни, үйдің толық бағасы емес, тек алғашқы төлем. Әзірге, бұл талапқа сай келетін Қазақстанда тұрақты бір бағдарлама бар. Ол – өңірлік «Алматы жастары» мемлекеттік бағдарламасы.

Бұл бағдарлама 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Негізгі шартының бірі – «Отбасы» банк депозитінде 2 млн теңге болу керек.

«Алматы жастары» бағдарламасының шарттары:

  • Бастапқы жарна – 10%-ы;
  • Сыйақы мөлшерлемесі – 5% ;
  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн. теңге;
  • Қарыз мерзімі – 19 жылға дейін

«Алматы жастары» арқылы бастапқы және қайталама нарықтан пәтер алуға болады. Бағдарлама талабы бойынша өтініш бергендердің:

  • Өзі немесе жұбайы Алматы қаласында тұрақты тіркеуі болуы керек;
  • Қатысушының жасы өтініш берген сәтте 35-ке толмаған болуы тиіс;
  • Қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы бес жылда үй болмауы керек;
  • Соңғы алты ай ішінде міндетті зейнетақы аударымдары арқылы расталатын жұмыс өтілуі болуы керек.

«Алматы жастары» бағдарламасына денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орны (бұдан әрі – ЖОО) және ғылыми-зерттеу институты, журналистика, әлеуметтану саласындағы мамандар қатыса алады.

Ескерерлігі, бүгінде 20 млн теңгеге Алматыдан бір бөлмелі пәтер әрең келеді.

Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар тізімімен мына жерден таныса аласыздар.

«Наурыз» бағдарламасы

2 млн теңгемен үй алуға болады деген мүмкіндіктің бірі – «Наурыз» бағдарламасы. Оған қатысу үшін соңғы алты айдағы зейнетақы жарнасы және «Отбасы банкінде» кемінде 2 млн теңге жинақ болу керек.

Бірақ «Наурызға» қатысу үшін 2 млн теңге болуы жеткіліксіз. Депозитте жинаған ақшаңыз үй аласыз дегенді білдірмейді. Мәселен

  • 25 млн теңгенің пәтері үшін – 5 млн жарна
  • 30 млн теңгенің пәтері үшін – 6 млн жарна
  • 36 млн теңгенің пәтері үшін – 7,2 млн жарна керек.

«Сыйақыңыз қандай?»

Яғни, екі млн теңгеден бөлек кемінде 3 млн теңгеңіз дайын тұруға тиіс. Бірақ онымен де шектелмейсіз. Сарапшы Маржан Қанатқызының сөзінше, сіздің депозитте жинаған балл (сыйақыңыз) өте маңызды.

Сыйақы – банк сіздің ақшаңызды пайдаланғаны үшін төлейтін пайыздық табыс, яғни депозиттің үстіне қосылатын ақша.

Конкурстан өту үшін «Отбасы банк» есепшотындағы сыйақы кемінде 100 мың теңге болуы керек, ал нақты сенімді өту үшін 120 мың теңге болғаны дұрыс.

Бұл сыйақы қатысушының есепшотына тұрақты түрде қаржы салып отырғанын, тұрақты табысы бар екенінің тағы бір көрсеткіші деп саналады.

Осылайша, ипотека брокерлері айтатын «2 млн теңгемен үй аласыз» деген сөз толық шындыққа сәйкес келе бермейді. Бұл сома тек депозитте болуға тиіс ең төменгі жинақ немесе бастапқы жарнаның бір бөлігі ғана болуы мүмкін. Ал іс жүзінде баспана алу үшін бұдан әлдеқайда көп қаржы, тұрақты табыс және банк талаптарына толық сәйкес келу қажет.

Мамандар, әсіресе, алдын ала ақша сұрайтын, ипотеканы «100% шығарып береміз» деп уәде ететін брокерлерге сақ болуға кеңес береді. Себебі банк шешіміне делдал емес, тек қаржы ұйымының өзі ғана жауап береді.

Сондай-ақ оқыңыз