«Астана-Семей» пойызында сейф, интернет және вакуумды дәретхана пайда болды

«Астана-Семей» пойызы Петропавлдағы «ЗИКСТО» зауытында шығарылған жаңа қазақстандық вагондармен толық жабдықталды, деп хабарлайды ҚТЖ. Жаңартылған құрам 17 наурыздан бастап қатынай бастайды.
«Бұған дейін аталған бағыттағы пойыз құрамында 1993 жылы шыққан вагондар пайдаланылып келген болатын. Қазіргі уақытта жылжымалы құрам жаңа буынның заманауи вагондарымен жаңартылды», – делінген компания хабарламасында.
№353/354 пойызы күн ара қатынайды. «Нұрлы жол» (Астана) станциясынан аттану уақыты 17:55-ке, Семейден шығу 16:45-ке жоспарланған. Тоғыз вагоннан тұратын құрам бір мезгілде 350-ден астам жолаушыны тасымалдауға есептелген.
Жолаушылар үшін не өзгереді?
45-сериялы жаңа вагондар ескі модельдерден айтарлықтай ерекшеленеді. Енді купелерде мыналар орнатылған:
- құнды заттарды сақтауға арналған жеке сейфтер;
- әрбір жатын орында USB-порттар мен розеткалар;
- жарықдиодты жарықтандыру және температураны реттеу мүмкіндігі.
Техникалық басты жаңалық – вакуумды дәретханалар. Ескі жүйелерден айырмашылығы, олар станциялардағы ұзақ тұрақ кезінде де жұмыс істей береді. Бұдан бөлек, барлық вагондар ауаны зарарсыздандыру жүйесімен және Wi-Fi-модульдерімен жабдықталған.
Пойыз құрамына, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген штабтық вагон қосылған. Ол жолсерікті шақыру түймесімен, кеңейтілген есік ойықтарымен және арнайы санитарлық тораппен жабдықталған. Балалы отбасылар үшін дәретхана бөлмелерінде жиналмалы жаялық ауыстыратын үстелдер қарастырылған.
Соңғы екі жылда ҚТЖ осындай 219 вагон сатып алды. 2030 жылға қарай пойыз паркін 100% жаңарту жоспарлануда.