
Астанада полиция капитаны бастығын, полиция майорын соққыға жыққан.
Іс материалдарына сәйкес, өткен жылы шілдеде Есіл ауданындағы жергілікті полиция қызметі (ЖПҚ) бастығының орынбасары, капитан А. Әбетаев кезекшілік кезінде ЖПҚ бастығы, майор С.А. Ноғаевқа хабарласып, оны мекемелердің біріне шақырған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал туындаған.
Оған дейін Әбетаев Ноғаевқа хабарласпақ болған, бірақ оның телефоны бұзылып қалғандықтан жауап бере алмаған.
Мәліметтер бойынша, Әбетаев өзінің бастығы Ноғаевтың беті мен басынан бірнеше рет жұдырықпен ұрып, мойнынан да қылқындырған. Соның нәтижесінде Ноғаевтың маңдайы жарақаттанып, ерні жыртылып, мұрын сүйегі сынып ауруханаға түскен.
Сот Әбетаевты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып:
- 1 жылға бас бостандығын шектеу;
- 100 сағат қоғамдық жұмыс;
- капитан шенінен айыру;
- жәбірленушіге 3 млн теңге төлеу керек деген жаза кесті.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.