
Иранның қатысуымен болып жатқан қақтығыс Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Қатар сияқты Парсы шығанағы елдерінің экономикалық тұрақтылығына айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Goldman Sachs экономисі Фарук Суссаның айтуынша, Ормұз бұғазының екі айға жабылуына әкеп соғатын ұзаққа созылған қақтығыс ауыр экономикалық құлдырауға себеп болуы мүмкін.
Егер қақтығыс сәуір айына дейін жалғасса, Қатар мен Кувейттің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 14%-ға қысқаруы ықтимал. Businesstimes хабарлауынша, бұл 1990-шы жылдардың басындағы Ирактың Кувейтке басып кіруі мен Парсы шығанағындағы соғыстан кейінгі ең ауыр экономикалық дағдарыс болмақ.
Сауд Арабиясы мен БАӘ елдерінің экономикасына зардап келмек
Сауд Арабиясы мен БАӘ мұнай ағындарын басқа бағыттарға бұруға мүмкіндігі болғанымен, олардың ЖІӨ-сі тиісінше 3% және 5%-ға төмендеуі мүмкін. Бұл 2020 жылғы пандемиядан кейінгі ең үлкен экономикалық соққы болады.
«Парсы шығанағындағы көптеген елдер үшін бұл соғыстың жақын арадағы зардабы COVID-19-дан да ауыр болуы мүмкін. Жағдай реттелген соң олар қайта қалпына келеді, бірақ бұл қақтығыстың сенімділікке салатын сызаты қандай болатыны әлі белгісіз», – дейді Goldman Sachs-тың Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша экономисі Сусса.
Қақтығыстың үшінші аптасында бәсеңдеу нышандары байқалмай отыр. Иран АҚШ пен Израильдің соққыларына жауап ретінде көршілеріне шабуыл жасауды жалғастыруда.
Мұнай бағасы 100 доллардан жоғары сатылып жатыр
Бұған жауап ретінде АҚШ Иранның Харг аралындағы шикі мұнай экспорттайтын хабындағы әскери нысандарды нысанаға алды. Егер Тегеран Ормұз бұғазындағы қозғалысты бұзатын болса, АҚШ энергетикалық нысандарға қарсы қосымша шаралар қолданылатынын ескертті. Бұл су жолы әлемдік мұнай экспортының шамамен бестен бір бөлігін тасымалдайтын аса маңызды дәліз. Ормұздағы іркілістер мен Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің өндірісті азайтуы салдарынан Brent маркалы мұнайдың бағасы қазірдің өзінде барреліне 103 доллардан асты.
Жаһандық газ нарығына Қатардың сұйытылған табиғи газ (СТГ) экспортының тоқтауы да әсер етті. Бахрейн Ормұз бұғазындағы жағдайға байланысты әлемдегі ең ірі алюминий зауытында өндірісті азайта бастады.
Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің жағдайы біршама өзгеше, өйткені олардың баламалы экспорттық бағыттары бар және мұнай бағасының өсуінен пайда көруі мүмкін. Дегенмен, экономистердің пікірінше, жылжымайтын мүлік, туризм және инвестиция салаларын қамтитын мұнайдан тыс секторлар барлық шығанақ елдерінде қиындыққа тап болады.
Сауд Арабиясы ұзаққа созылған қақтығысқа жақсырақ төтеп беруі мүмкін, өйткені ол Иран соққыларына тойтарыс бере отырып, әуе кеңістігі мен бизнес операцияларын ашық ұстауға қауқарлы. Сарапшылардың пікірінше, корольдік үшін басты тәуекел – кірістің азаюына байланысты бірінші тоқсандағы фискалдық дефициттің өсуі.
Егер мұнай бағасы мен экспорт деңгейі жоғары болып қалса, Сауд Арабиясы 2026 жылы күтілгеннен де жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін. Болжам бойынша, егер мұнай өндірісі күніне 7,5 миллион баррель шамасында болып, Brent бағасы 90 доллар төңірегінде сақталса, жылдық бюджет тапшылығы 1%-ға қысқаруы ықтимал.
Еске сала кетейік, The Economist басылымының сарапшылары егер Ормұз бұғазы айдың соңына дейін жабық тұрса, «қара алтын» бағасы барреліне 150 немесе тіпті 200 долларға дейін шарықтайды деп болжаған. Мұндай баға секірісі әлемдік экономиканы терең рецессияға итермелеуі мүмкін. Дегенмен дағдарыстың екінші жағы да бар: санкция құрсауында болса да, мұнайын сыртқа шығаруға қауқарлы елдер үшін бұл күтпеген экономикалық өсімге жол ашуы ықтимал.