
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова Қостанайға ұшу үшін әуежайда күтпеген жағдайға тап келді. Оның домбырасына қатысты кикілжің туған.
«Әуежайға келдік. Тағы да айқай-шу басталды. Тағы бір қыз келіп, «домбыраны өткізуге болмайды» деп қақылдап кетті. Бұған тағы да ақша төлейсіз дейді. Депутаттар шешкен сияқты еді, анығын кім біледі?», – деп сауал тастады Мақпал Жүнісова.
Халық әртісі домбырасын ұшаққа өткізе алмай, қатты ашуланған. Әйтсе де, соңында әуежай қызметкерлері мен әнші өзара ымыраға келген.
«Жүйкеміз орнына түсті. Домбыраға бес мың теңге ақша алды. Осы жолы арзан алды. Ана жолы 65 мың теңгеге шапка мен домбыраға билет алып едім. Бұл жолы өте арзан екен», – деп күлді халық әртісі.
Мақпал Жүнісова қостанайлықтарға сәлем жолдап, жақсы ән айтуға уәде берді.
Мұның алдында экс-әкім Серік Үмбетов әншіге соғым жібергені белгілі болды.