
inDrive такси сервисінің 2025 жылғы түсімі 601,6 млн долларды құраған. Компания негізін қалаушы әрі басшысы Арсен Томскийдің айтуынша, компанияның таза түсімі (revenue) өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға артық.
inDrive-тың негізгі нарығы әлі де Латын Америкасы болып отыр. Компания бизнесінің жартысынан астамы осы аймаққа тиесілі.
Арсен Томскийдің сөзінше, сервистің басты ерекшелігі – жолаушы мен жүргізушінің бағаны өзара келісуі.
Бұл үнемділікті бағалайтын және шығынды бақылауда ұстағысы келетін дамушы елдердің тұрғындары үшін өте тиімді шешім болған. 2013 жылдан бері қолданба 400 миллионнан астам рет жүктелген.
Жеткізу қызметінің аясы кеңейеді
Компания енді тек жолаушы тасымалымен шектелмей, жеткізу (delivery) саласын да белсенді дамытпақ.
Соңғы екі жылда Қазақстан мен Пәкістанда азық-түлік жеткізу сервистерін сатып алған inDrive алдағы уақытта да жаңа сатып алулар арқылы осы бағытты нығайтуды көздеп отыр.
Компанияның ең ірі жұмыс кеңселерінің бірі Қазақстанда орналасқан. Ал компания басшысы Арсен Томский 2024 жылы Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алды.
Бүгінде inDrive штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан жекеменшік компания мәртебесінде жұмысын жалғастырып жатыр.