Қазақстанға әшекей бұйымдардың тең жарымы Ресейден тасымалданады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстанға қай елден әшекей бұйым тасымалданады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы Қазақстанға шетелден әкелінген зергерлік бұйымдар көлемі 1,6 есе артқан. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанға жалпы құны 225,1 млн доллар болатын 102,2 тонна әшекей бұйым импортталды. Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілдігінің хабарлауынша, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 38,3 тоннаға артық.

Ресей көш бастап тұр

Қазақстан нарығына зергерлік бұйымдарды жеткізуде Ресей Федерациясы көш бастап тұр. Былтыр көршілес елден 88,2 тонна өнім әкелініп, импорт көлемі 43%-ға артты.

Сонымен қатар Армениядан келетін тауар ағынының күрт өскені байқалады: бұл елден жеткізілім 6,6 есеге көбейіп, 5,3 тоннаны құрады. Керісінше, Таиландтан келетін өнім көлемінде төмендеу үрдісі байқалды.

2025 жылы бұл елден 0,775 тонна әшекей бұйымдары импортталды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 22%-ға аз.

Қазақстаннан қай елге экспортталады

Импорттың өсуімен қатар, қазақстандық зергерлік бұйымдардың шетелдік нарықтардағы үлесі де арта түсті. 2025 жылы Қазақстан сыртқы нарыққа 4,1 тонна өнім экспорттады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға жоғары.

Отандық өндірушілер үшін басты экспорттық бағыт ретінде тағы да Ресей танылды: бұл елге 3,8 тонна бұйым жөнелтіліп, сұраныс 1,6 есеге өскен.

Сонымен қатар қазақстандық зергерлік өнер бұйымдары жаңа нарықтарды белсенді игере бастады. Атап айтқанда, Швейцарияға экспорт көлемі 241 есеге артып, 0,048 тоннаға жетсе, Сингапурға жеткізілім 117 есеге өсіп, 0,047 тоннаны құрады.

Жаңа салық клдексі бойынша, шеберханалар мен қолөнершілер ірі зауыттармен теңестірілген. Мұның салдарынан қолжетімді әшекей бұйымдарының бағасы өсіп, шағын кәсіп иелері нарықтан ығысуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз