
Әлемдік энергетика нарығы соңғы айда ең ауыр сынақпен бетпе-бет келді. Kursiv Media мұнай нарығына қатысты соңғы жаңалықтар мен болжамдарды топтастырды.
The Economist басылымының сарапшылары егер Ормұз бұғазы айдың соңына дейін жабық тұрса, «қара алтын» бағасы барреліне 150 немесе тіпті 200 долларға дейін шарықтайды деп болжайды. Мұндай баға секірісі әлемдік экономиканы терең рецессияға итермелеуі мүмкін. Дегенмен дағдарыстың екінші жағы да бар: санкция құрсауында болса да, мұнайын сыртқа шығаруға қауқарлы елдер үшін бұл күтпеген экономикалық өсімге жол ашуы ықтимал.
Мұнай тапшылығы байқалады
Қазіргі таңда жағдайдың ушыққаны соншалық, әлемдік мұнай тасымалының күретамыры Ормұз бұғазы іс жүзінде қаңтарылып қалды. Goldman Sachs банкінің деректеріне сүйенсек, бұл стратегиялық су жолы арқылы өтетін мұнай көлемі тәулігіне 19,5 миллион баррельден небәрі 0,5 миллионға дейін құлдыраған. Тіпті, 12 наурыз күні бұғаз арқылы бірде-бір танкер өтпегені белгілі болды. Парсы шығанағынан келетін экспорттың жалпы тапшылығы күніне 17,2 млн баррельге бағаланып отыр.
Трамптың кесімді сөзі: «Өздерің қорғаныңдар»
Осы шиеленістің ортасында Президент Дональд Трамп күтпеген мәлімдеме жасады. Ол АҚШ-тың бұдан былай басқа елдердің мұнай кемелерін тегін күзетпейтінін аңғартты:
«Ормұз бұғазы арқылы мұнай алатын елдер өз қауіпсіздігі мен кемелерінің қорғалуын бұдан былай өздері қамтамасыз етуі тиіс», – деді Трамп.
Жағдай қалай өрбуі мүмкін
Мұндай жағдайда алдағы оқиғалардың дамуына қатысты үш негізгі сценарий қарастырылуда. Біріншісі, Иранның тек Қытай мен Үндістан секілді стратегиялық серіктестеріне тиесілі кемелерді іріктеп өткізуі. Екіншісі, тараптардың тез арада бейбіт келісімге келуі, бұл қазіргі жағдайда ең қиын жол болып көрінеді. Ал, үшінші, ең қауіпті сценарий – АҚШ-тың мұнай тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кемелерді әскери-теңіз күштерімен тікелей күзетіп өткізуге тырысуы. Соғыс ауқымы кеңейген сайын, «қара алтын» бағасының жаңа рекордтарды бағындыруы әбден мүмкін, бұл жаһандық экономиканы терең рецессияға итермелеуі ғажап емес.
Еске сала кетейік, АҚШ тұтынушы елдерге теңізде жүрген ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алуға 30 күндік лицензия берген болатын. Қаржы министрі Скотт Бессент Х әлеуметтік желісінде бұл «тар ауқымды әрі қысқа мерзімді шара» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, лицензия тек қазірдің өзінде жолда келе жатқан мұнайға қатысты қолданылады және Ресей үкіметіне айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді.