Жаңалықтар

Қадір түнін қалай өткізу керек (видео)

Тек қана рамазанның 27 күнімен шектелместен, әр түнді қадыр түні деп өткізген ләзім / фото: ЖИ
Тек қана рамазанның 27 күнімен шектелместен, әр түнді қадыр түні деп өткізген ләзім / фото: ЖИ

Қасиетті Рамазан айының соңғы он күндігінің бірінде қадір түні болады. Ислам ғұламаларының пікірінше, бұл күн мың айдан қайырлы.

Алайда қадір түні нақты қай күні болатыны айқын емес.

«Сейтжан» мешітінің бас имамы Ерсін Әміре әр түнді қадір түні ретінде өткізу ләзім деп есептейді.

«Рамазан айының соңғы он күндігіне кірдік. Пайғамбарларымыз соңғы он күнде белін буып құлшылыққа кіресетін еді. Өйткені, бұл күндері қадыр түні бар. Пайғамбарымыз Қадір түнін рамазан айының соңғы он күніне іздеңдер десе, тағы бір хадисте тақ күндерден іздеңдер» деген. Тек қана рамазанның 27 күнімен шектелместен әр түнімізді қадыр түні болуы мүмкін деп өткізейік. Иншалла, сонда біз қадыр түніне тап боламыз», – деді имам.

Бұл түннің кереметі ерекше. «Кімде-кім қадыр түнін құлшылықпен иманмен өткізсе, Алла Тағала пенденің күнәлерін кешіреді» деген хадис бар. Өйткені бұл түн мың айдан қайырлы.

Кейбір имамдардың айтуынша, дәл осы түнде алғаш рет қасиетті Құран түсе бастаған. Сондай-ақ осы түні жер бетіне періштелер, оның ішінде Жәбірейіл періште түседі. Сондықтан бұл – тыныштық пен береке түні.

Мұсылмандар бұл түні намазға жығылып, Құран оқиды. Аллаға дұға жасап, кешірім сұрайды. Зікір айтып, тәубе еткені абзал.

Әрине, қасиетті түнде күнә жасауда, ұрыс-керіс пен араздықтан, өсек айтудан, жала жабудан, уақытты бос өткізуден тыйылу қажет.

Бұл түні Алладан кез келген игі нәрсені сұрау керек. Күнәлардың кешірілуін, денсаулық пен амандықты, отбасының берекесін, елге және әлемге бейбітшілік тілеуге болады.

Мұның алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) биылғы Қадір түніне қатысты негізгі мәліметтер мен оқылуы тиіс басты дұғаны ұсынған еді.