
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі – «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бойынша іс қаралды, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Хаттамаға сәйкес, Тұрлыханов жұбайымен жанжал шығарып, оқиға барысында оны балағаттап, қорқытқан және айқайлап, үйдегі тыныштықты бұзған.
«Сот қаулысымен іс материалдары Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 742-бабына сәйкес, жәбірленушінің құқық қорғау органдарына жүгінген кезде дене жарақатын келтіру туралы бастапқы арызын ескере отырып, қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін прокурорға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жолданды», – делінген хабарламада. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Бұл әншінің қатысуымен жұртшылыққа мәлім болған үшінші отбасылық жанжал. 2023 жылдың қазан айында Тұрлыханов жұбайын соққыға жықты деп күдікке ілінген еді. Бірақ тараптардың татуласуына байланысты сот істі тоқтатқан. Екі айдан кейін ер адам үйде тағы да жанжал шығарып, әйелін ұрған. Бастапқыда сот ескерту жасаумен шектелгенімен, прокурорлар бұл шешімге наразылық білдірді. Істі қайта қарағаннан кейін бұрынғы әртіске 10 тәулікке қамау жазасы тағайындалды.
Рахат Тұрлыханов – мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың немере інісі.