Қоғам

87,15%: референдумның алдын ала қорытындысы шықты

Референдумның алдын ала қорытындысы жарияланды/фото: Серикжан Ковланбаев

Орталық референдум комиссиясы Конституцияны өзгертуге қатысты өткен референдумның алдын ала нәтижесін жариялады. Жалпы референдумға 9 127 192 адам қатысқан. Бұл дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12%-ы.

Оның ішінде 7 954 667 адам референдумда Конституцияны өзгертуді қолдаған. Бұл дауыс бергендердің 87,15%-ы.

Ал 898 099 адам Конституцияны өзгертуге қарсы болған. Сондай-ақ 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған. 127 868 бюллетень жарамды деп танылғанына қарамастан, дауыстарды санау кезінде есепке алынбайды.

Exit poll нәтижесі

Бұған дейін дауыс берушілер арасында сауалнама жүргізген ұйымдар exit poll нәтижесін жариялады.

Учаскеден шыққан респонденттерге «Жаңа Конституцияны қабылдайсыз ба?» деген сұраққа қандай жауап нұсқасын таңдадыңыз?» деген сұрақ қойылған.

Еуразиялық интеграция институты жүргізген exit poll нәтижесінде референдумда дауыс бергендердің 86,7%-ы жаңа Конституция жобасын қолдаған.

«СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институты өткізген exit-poll нәтижесінде дауыс бергендердің 87,4%-ы «Иә, қолдаймын» деген нұсқаны таңдаған.

«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген exit-poll деректеріне сәйкес, жаңа Конституцияны 88,6% азамат қолдап дауыс берген.

15 наурыз – Конституция күні

Exit poll нәтижесі жарияланғаннан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жаңа Конституция қабылданғанымен құттықтады.

«…Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз» – деді Тоқаев.