
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.
Мемлекет басшысы exit poll нәтижесі жарияланғаннан кейін «Жаңа Конституциямыз құтты болсын!», деді.
«Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» – деді мемлекет басшысы.
Exit poll нәтижесі
Айта кетейік, Еуразиялық интеграция институты жүргізген exit poll нәтижесінде референдумда дауыс бергендердің 86,7%-ы жаңа Конституция жобасын қолдаған.
«СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институты өткізген exit-poll нәтижесінде дауыс бергендердің 87,4%-ы «Иә, қолдаймын» деген нұсқаны таңдаған.
«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген exit-poll деректеріне сәйкес, жаңа Конституцияны 88,6% азамат қолдап дауыс берген.