
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогер ерлі-зайыпты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.
Алғашқы сот отырысына куә ретінде блогерлердің ұтыс ойындарына арналған сайттарды әзірлеген IT-маман Сұңғат Өтеболатов қатысты. Соттағы жауабында ол тергеу тарабынан қысым жасалды және пара беру туралы ұсыныс туралы өзі ойдан шығарғанын мәлімдеді. Сөзінше, блогерлер адвокаттарға босқа ақша жұмсамауы үшін осылай айтқан, өйткені ол адвокаттар істі әдейі созып жатыр деп ойлаған.
Куәнің сөзінше, бастапқыда Эльмира Төлегенова хабарласып, ұтыс ойындары мен онлайн курс үшін сайт әзірлеуді сұраған. Бұл үшін ол 7-8 млн теңге алған, ал бастапқы келісім бойынша 10 млн теңге алуы керек болған.
«Жанабыловтарда «сәттілік барабаны» нәтижесін өзгерту мүмкіндігі болмады. Ұтысқа тігілген сыйлықтар туыстарына берілмеген», – деді ол сотта.
Айтуынша, сотқа дейінгі тергеу барысында Өтеболатовтан бірнеше рет жауап алынған. Бірде Алматыда, енді бірде Астанада тергеген. Бір жауабында «Жанабылов» дегенді «Төлегенова» деп өзгерткісі келген, алайда тергеушілер бір жерде «Жанабылов» деп қалдырған.
Сотталушылар сотқа келген куәден тергеу органдарымен тергеуден тыс кездесу болған-болмағанын сұрады. Тіпті қолдарында мұны дәлелдейтін айғақ бар екенін айтты. Өтеболатов мұндай кездесу болғанын растады.
«Адвокаттар Жанабыловтардан ақша алып, істі сотқа дейін жеткізіп, әдейі созып жатқандай көрінді. Сол үшін тергеушімен кездестім, тергеушінің мені пара беруге итермеледі деп өтірік айттым», – деді куә.
Бұған дейін Жанабыловтардың қалай әрекет еткені айтылды.