
Қазақстандық лоукостер Батумиге жазғы рейстер санын көбейтеді. Алдағы уақытта Астанадан Грузия қаласына қатынайтын әуе рейстері аптасына үш мәрте ұшатын болады.
«2026 жылғы 25 маусымнан бастап рейстер жиілігі аптасына үш ретке дейін көбейеді: сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері. Бұған дейін рейстер аптасына екі рет жоспарланған еді», – делінген FlyArystan хабарламасында.
Қазақстан астанасынан Батумиге дейінгі маусымдық бағыт бойынша 29 тамызға дейінгі ұшу күндеріне әуебилеттерін FlyArystan мобильді қосымшасы немесе www.flyarystan.com ресми сайты арқылы брондауға болады.
Стандартты тарифке ұшақ бортындағы кездейсоқ орын, сондай-ақ салмағы 7 кг-ға дейін және өлшемдері 56 × 23 × 36 см болатын бір дана қолжүк кіреді. Компания қосымша қызметтерді билетті сатып алу кезінде рәсімдеу арқылы олардың құнын 70%-ға дейін үнемдеуге болатынын еске салды.
Туристерде сақтандыру полисі болуы керек
FlyArystan сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Грузияның «Туризм туралы» заңына сәйкес ел аумағына кіретін барлық туристерде медициналық сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру полисі болуы міндетті екенін еске салады.
Еске сала кетейік, FlyArystan әуе билеттеріне 15% жеңілдік жариялады.