Авто

Ақпан айында қандай автокөліктер көп сатылды

Фото: нейрожелі көмегімен жасалды

Қазақстандағы жаңа автокөліктер нарығындағы сауда сәл бәсеңдегенімен жыл басы оң динамикамен басталды. Қаңтар–ақпан айларының қорытындысы бойынша сатылым 2025 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға өскен. Бұл туралы Қазақстанның автокөлік одағы қауымдастығы мәлімдеді.

Ақпанда сауда бәсеңдеді

Ақпан айында ресми дилерлер 13,4 мың жаңа жеңіл және коммерциялық көлікті сатқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,1%-ға аз. Дегенмен, екі айдың жиынтық көрсеткіші өсімді көрсетеді. Қазақстандықтар жалпы 27,6 мың автокөлік сатып алған.

«Ақпанда сауда көлемі кемігенмен, алғашқы екі айдың қорытындысы бойынша елдегі жаңа автокөліктер нарығы оң динамиканы сақтап тұр. Қыстың соңғы айында ең танымал модельдер тізіміне енген барлық көлік Қазақстанда жасалған. Бұл тұрғындардың отандық автоөнеркәсіп өніміне сенімі жоғары екенін растайды», – деді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Брендтер бойынша көшбасшылар

Ақпан айында сатылым рейтингісінде Hyundai тағы да көшбасшы орынды сақтап қалды. Дилерлер оңтүстік кореялық брендтің  2 768 көлігін сатты. Екінші орынға Kia шықты – 2 402 көлік (+33,1% өткен жылмен салыстырғанда). Көшбасшылар үштігін Chevrolet толықтырды, бұл моделдің 1 975 данасы сатылған.

ТОП-10 тізіміне кірген брендтер:

  • Chery – 1 043 көлік
  • Jetour – 808
  • Changan – 748
  • Haval – 535
  • Geely – 403
  • Jac – 357
  • Toyota – 288
Дереккөз: ҚАО

BYD-дың саудасы қызып тұр

Топ-10 сыртында ерекше көзге түскені – BYD бренді. Ақпан айында қазақстандықтар 268 гибридтік және электрлі автокөлік сатып алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 793,3% өсім. Ал ол уақытта Қазақстанда алғашқы дилерлік орталықтар енді ғана ашылған болатын.

Сонымен қатар, нарыққа жаңа бренд – Geely Galaxy келді, оны 125 қазақстандық сатып алған.

Ең танымал модельдер

Ақпанда саудасы қызған модельдер қатарында Chevrolet Cobalt тұр. Дилерлер 1 761 автокөлік өткізген. «Кобальт» көшбасшы позициясын сақтап отыр, бірақ бәсекелестер қатары көбейіп келеді. Мысалы, Hyundai Tucson (1 744) Cobalt-тың ізін өкшелеп келеді. Сондай-ақ Kia Sportage-де (1 278) жақсы сұранысқа ие.

Ондыққа кірген басқа модельдер:

Changan CS55 Plus, Kia Soluto, Kia Sorento, Chery Tiggo 2, Chery Tiggo 7, Jetour X70 Plus және Hyundai Mufasa.

Екі айдың қорытындысы

Қаңтар–ақпан айларының қорытындысы бойынша брендтер арасында көшбасшы орында – Hyundai (5 466 автокөлік сатылды). Аз ғана айырмашылықпен Kia бренді тұр – 5 176 көлік (+85,9%) сатты. Үшінші орында – Chevrolet (4 487 автокөлік).

Еске салайық, қаңтарда Chevrolet Cobalt кроссоверлерді артта қалдырып, көшбасшы орынға жайғасқан болатын.